Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Anadolu Group холдингінің басқарма төрағасы Камиль Сулейман Языджимен кездесу өткізді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Кездесу барысында тараптар инвестициялық серіктестікті нығайту және экономиканың түрлі салаларында бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелерін талқылады.
Президент Anadolu Group құрамындағы Efes Kazakhstan мен Coca-Cola Almaty Bottlers компанияларының Қазақстан экономикасына қосып отырған үлесін жоғары бағалады. Оның айтуынша, аталған кәсіпорындар ұзақ жылдар бойы елде табысты жұмыс істеп, жаңа жұмыс орындарын ашуға, инвестиция көлемін ұлғайтуға және бюджетке түсетін салық түсімдерін арттыруға ықпал етіп келеді.
Өз кезегінде Камиль Сулейман Языджи Мемлекет басшысына холдингтің Қазақстандағы қызметінің нәтижелері мен алдағы инвестициялық жобалары туралы баяндады.
Оның айтуынша, соңғы 30 жыл ішінде Anadolu Group Қазақстан экономикасына шамамен 1 миллиард АҚШ доллары көлемінде инвестиция салып, 10 мыңнан астам жұмыс орнын құрған.
Қазіргі таңда компанияның елімізде сусын шығаратын бес өндіріс орны жұмыс істейді. Сонымен қатар Ақтөбе облысында құны 100 миллион доллар болатын алтыншы зауыттың құрылысы басталған.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда экономиканы әртараптандыру, өнеркәсіпті жаңғырту және жоғары қосылған құны бар өнім өндірісін дамыту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып жатқанын айтты.
Кездесу соңында Anadolu Group компаниясының Қазақстандағы инвестициялық қызметін кеңейтуге, әсіресе агроөнеркәсіп кешеніндегі экспортқа бағытталған жобаларға, инновациялық өндірістерді дамытуға және тұрақты экономикалық өсімді қамтамасыз етуге бағытталған бастамаларға қызығушылық танытатыны айтылды.