"Тәуелсіздіктің 30 жылы – біз үшін тұтас дәуірге бергісіз мерзім. Оны үш белеске бөліп қарастыруға болады. Әр онжылдық ғасырдың жүгін арқалап тұр. Алғашқы онжылдық – жаңа Қазақстанның негізін қалау кезеңі. Осы жылдарда мемлекеттік нышандарымыз белгіленіп, билік жүйесі қалыптасты. Төл теңгеміз айналымға қосылды. Айбынды Армиямыз құрылды. Ата заңымыз қабылданды. Ана тілімізге мемлекеттік тіл мәртебесі берілді. Ата дініміз оралып, салт-дәстүріміз жаңғыртылды. Бірлігіміздің бастауы болған Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды. Қазақстан беделді халықаралық ұйымдарға мүше болып қабылданды. Стратегиялық даму бағдарымыз айқындалды. Шекара мәселесін заң тұрғысынан шегендеу үрдісі басталды. Қасиетті жеріміз атом қаруынан тазартылды. Елордамыз Есілдің бойына көшірілді. Экономиканы өркендету үшін ауқымды реформалар қолға алынды. Жеке кәсіпкерліктің дамуына жағдай жасалды. Жастарымыз әлемнің үздік университеттеріне оқуға жіберілді. Қазыналы Ұлттық қорымыз құрылды. Ұлы көшке жол ашылып, шетте жүрген қандастарымыз атамекеніне қайтарылды.
Екінші онжылдық – Қазақ елінің өрлеу кезеңі. Біз керегемізді кеңейтіп, тұғырымызды нығайттық. Халықтың әл-ауқатын арттыра түстік. Төл тарихымызды түгендеп, рухани мұрамызды жаңғырттық. Көптеген халықаралық жобаға бастама көтердік. Елге қомақты инвестиция әкелдік.
Үшінші онжылдық – Қазақстанның кемелдену кезеңі. Осы уақытта абырой-беделі артқан мерейлі мемлекетке айналдық. Шекара мәселесін біржола шештік. 2050 жылға дейінгі стратегиямызды қабылдап, дамыған елдердің қатарына қосылуды межеледік.
"Рухани жаңғыру" арқылы ұлттың жаңа болмысын қалыптастыруды қолға алдық. Тұтас түркінің алтын бесігі атанған Түркістанды түлеттік. Саяси реформаларды тың қарқынмен жалғастырдық. Халқымыздың саны 19 млн-нан асты. Осылайша, Қазақстан тұғыры берік, мықты мемлекет болды", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.