Президент Асқар Мамин мен Алексей Цойды қабылдады

720

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Премьер-Министр Асқар Мамин мен Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойды қабылдады, деп хабарлайды inbusiness.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.  

Президент Асқар Мамин мен Алексей Цойды қабылдады Фото: akorda.kz

Мемлекет басшысына еліміздегі санитарлық-эпидемиологиялық ахуал, халыққа вакцина салу барысы, республиканың әлеуметтік-экономикалық дамуының өзекті мәселелері жайында баяндалды.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа халыққа екпе егуге қатысты қабылданып жатқан шаралар жайында айтылды. Асқар Маминнің айтуынша, сәуірден бастап ай сайын 2 миллион адамға вакцина салу жоспарланып отыр.

Президентке отандық QAZVAC вакцинасының өңірлерге жеткізілуі жайында ақпарат берілді. Премьер-Министр Қазақстанның COVID-19 індетіне қарсы вакцина шығарған он мемлекеттің және өз әзірлемелерін тіркеген бес елдің қатарына кіргенін айтты. Сонымен қатар ол 26 сәуірден бастап "ASHYQ" қосымшасын барлық облыстар кең көлемде қолданыла бастайтынын атап өтті. Бұл "қызыл" және "сары" аймақ кезінде экономиканың әртүрлі секторының қауіпсіз жұмыс істеуіне мүмкіндік бермек.  

Мемлекет басшысына берілген ақпараттарға сәйкес, жұқпалы аурулар ауруханасындағы орындар 42 пайызға, жан сақтау бөлімдері 28 пайызға толық. Дәрі-дәрмектің, жеке қорғаныс құралдарының қажетті қоры жасақталған, ПТР-зертханалары күніне 123 мың адамға дейін қызмет көрсете алады. 25 мың төсек-орын қоры бар, барлық өңірде заманауи құралдармен жабдықталған жаңа жұқпалы аурулар ауруханалары жұмыс істеп жатыр. 

Асқар Мамин Қасым-Жомарт Тоқаевқа 29-30 сәуір күндері өтетін Еуразиялық парламентаралық кеңестің отырысына дайындық барысын баяндады. Сонымен қатар инвестиция тарту, халықты жұмыспен қамту мәселелері де қарастырылды.

Кездесу соңында Президент Үкіметке отандық вакцина өндірісін арттыруды және оның халыққа қол жетімді болуын ерекше бақылауда ұстауды тапсырды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу