Президент аумақтық қорғаныс бригадасының әскери қызметшілерімен кездесті

1011

Қасым-Жомарт Тоқаев олардың ел үшін қызмет етуге келгендеріне ризашылығын білдірді.

Президент аумақтық қорғаныс бригадасының әскери қызметшілерімен кездесті

Қазақстан Президенті – Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елордада әскери жиынға шақырылған аумақтық қорғаныс бригадасының әскери қызметшілерімен кездесті. Сондай-ақ Қарулы Күштердің техникалық дайындығын және қала әкімдігінің Төтенше жағдайды қамтамасыз ету жөніндегі жұмысын тексерді, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысына еліміздегі әскери қызметін өтеуге міндетті азаматтарды арнайы жиынға шақыру барысы, коронавирус пандемиясына қарсы күресте әскери қызметшілердің техникалық және жауынгерлік жабдықталуы туралы баяндады.

Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов елорданың қазіргі ахуалы, оның ішінде, азық-түлікпен, медициналық қорғаныс құралдарымен қамтамасыз ету, қалада дезинфекция жұмыстарын жүргізу, қосымша жұқпалы аурулар ауруханасын салу жайында егжей-тегжейлі есеп берді.

Қасым-Жомарт Тоқаев министр мен әкімнің есептерін тыңдағаннан кейін дезинфекциялау жұмыстарына ерекше мән беруді тапсырды. Мұндай жұмыстар, әсіресе, ірі қалаларда кең көлемде жүргізілуі керек.

 "Нысандарды күзету, көшедегі тәртіпті сақтау аса маңызды міндет екені түсінікті. Дегенмен, қазіргі жағдайда басты міндет – дезинфекция жасау. Бұл – өте қауіпті вирус. Сондықтан дезинфекция жасамаса, ешқандай оң нәтиже болмайды", – деді Президент.

Мемлекет басшысы Төтенше жағдай режимінің барлық талаптарын бұлжытпай орындау қажет екенін айтты.

"Шағын бизнесті шығарамыз деп жатырмыз. Жалпы қаланың тұрғындары карантин режимін міндетті түрде сақтауы керек. Онсыз болмайды", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы әлеуметтік міндеттемелерді орындаудың және медицина қызметкерлеріне сыйақы төлеудің маңызды екенін атап өтті. Сонымен қатар жаңа жұқпалы аурулар емханасын салу мәселесіне арнайы тоқталды.

"Келесі аптада аталған емхананы барып көреміз. Бұл емхана өте қысқа мерзімде салынып жатыр. Оның құрылысы бар-жоғы екі аптаның ішінде бітуі керек. Ең алдымен, оның сапасына ерекше мән беру қажет", – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев жиынға шақырылған әскери қызметшілердің алдында сөйлеген сөзінде олардың ел үшін қызмет етуге келгендеріне ризашылығын білдірді.

"Баршаңызға шынайы алғысымды білдіремін. Сіздер өте маңызды жұмыс атқарып жатсыздар. Бұл – нағыз патриотизмнің көрінісі. Қазір адамдардың көбі патриотизм, Отанға деген сүйіспеншілік туралы көп әңгіме айтады. Бірақ нақты іске келгенде бұғып қалады. Ал сіздер еліміз, Отанымыз үшін өз еріктеріңізбен осында қызмет етуге келіп отырсыздар. Сондықтан баршаңызға шын жүректен алғыс айтамын", – деді Жоғарғы Бас қолбасшы.

Президент халқымыздың осы уақытша қиындықты еңсеретініне сенім білдірді.

"Қазіргі ахуал күрделі. Бірақ бәріміз бір ұлт, бір халық болып осы қиындықтарды жеңіп шығатынымызға ешқандай күмәнім жоқ. Бәрі жақсы болады. Біз, ең алдымен, қарапайым халыққа көмек көрсетіп жатырмыз. Бюджеттен, Ұлттық қордан қыруар қаржы бөлінді. Ең алдымен біздің алдымызда тұрған мақсат – қарапайым халыққа колдау көрсету. Халықсыз ешқандай экономика болмайды. Сондықтан патриотизм деген бұл қасиетті ұғымды нақты іспен дәлелдеу керек", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу