Президент: "Ауыл әкімдері міндетті түрде білікті маман болуға тиіс"

119

Қазіргі ауыл әкімдерінің 60 пайызға жуығы осы қызметке алғаш рет сайланды.  

Президент: "Ауыл әкімдері міндетті түрде білікті маман болуға тиіс" Фото: akorda.kz

Кәсіби тұрғыдан білікті әрі еңбекқор әкім сайлаушылардың сенімін ақтай алады. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл әкімдерінің диалог-платформасында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Қазіргі ауыл әкімдерінің 60 пайызға жуығы осы қызметке алғаш рет сайланды. Бұл – жергілікті билік құрамы біршама жаңарды деген сөз. Алайда сайлауда жеңіске жету – алдағы үлкен жұмыстың басы ғана. "Әкім болдым, толдым" деп отыруға болмайтыны түсінікті. Әкімдер өздерінің мықты басшы екенін іс жүзінде дәлелдеуі керек. "Басшының бағы – ел-жұрттың қамы" деп бекер айтылмаған. Нағыз елге сыйлы әкім болу үшін ауылдың ахуалын жақсы білу де аздық етеді. Халықтың сенімін ақтап, елдің береке-бірлігін нығайту үшін жұмыс істеу керек", – деді Мемлекет басшысы.

Президенттің сөзінше, әкім мемлекеттік деңгейде жасалып жатқан өзгерістерді жергілікті жерде жүзеге асыруға қабілетті болуы қажет.

"Кәсіби тұрғыдан білікті әрі еңбекқор әкім сайлаушылардың сенімін ақтай алады. Сондықтан ауыл әкімдерінің басқару ісіндегі шеберлігін арттыру өте маңызды. Әкімдердің арасында бұрын билік жүйесінде жұмыс істемеген азаматтар бар екенін айттық. Олардың тәжірибесі аз екені түсінікті. Осы бағытта "Amanat" партиясының бастамасымен "Әкімдер мектебі" жобасы қолға алынды. Әрине, мұндай курстар жоғары білімнің орнын баса алмайды.

Сондықтан университеттерде оқытылатын "Мемлекеттік және жергілікті басқару" бағдарламасын талапқа сай өзгерту керек. Ауыл-аймақтарды басқару, көшбасшылық қабілетті дамыту мәселесі назардан тыс қалған. Ал бұл жұмыспен ең алдымен Мемлекеттік қызмет істері агенттігі шұғылдануы керек. Құзырлы министрлікпен бірлесіп, ауыл әкімдерін даярлауға белсенді түрде кірісу қажет", – деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Айта кету керек, бұған дейін Астанада Президент қатысуымен ауыл әкімдерінің диалог-платформасы өтіп жатқанын жазғанбыз. Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл әкімдерінің диалог-платформасында сөз сөйледі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу