Президент "Ауыл аманаты" бағдарламасының Ақтөбе облысында жүзеге асырылу барысымен танысты

331

Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлайды. 

Президент "Ауыл аманаты" бағдарламасының Ақтөбе облысында жүзеге асырылу барысымен танысты Фото: akorda.kz

Мемлекет басшысына Ақтөбе облысында "Ауыл аманаты" бағдарламасының іске асырылу барысы жөнінде баяндалды, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Аталған бастама қолға алынғалы бері, өңір бойынша 1471 жобаға 6,6 миллиард теңге көлемінде несие берілген. Сондай-ақ, биыл қыркүйек айында қосымша 12,5 миллиард теңге қаржы бөлінген.

Бағдарлама аясында Қасым-Жомарт Тоқаевқа аймақтағы 209,8 гектар алқапқа көкөніс және бақша дақылдары егіліп, жалпы аумағы 1 гектардан асатын 77 шағын жылыжай салынғаны туралы айтылды.

Сонымен қатар, 101 кондитерлік цех пен наубайхана, 129 шағын сүт өңдеу және 65 ет өңдеу жобасы іске қосылған.

Бұдан бөлек, Ақтөбе облысында 1210 жаңа жұмыс орны ашылып, 1062 адам жеке кәсіпкер ретінде тіркелген. Бір ғана Мәртөк ауданының өзінде аталған бағдарлама шеңберінде ұсынылған 195 жобаға 902,5 миллион теңге несие берілген.

Сондай-ақ, ел Президенті "Ауыл аманаты" бағдарламасы аясында іске асырылған жобалармен және аймақтағы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің өнімдерімен танысқаннан кейін жергілікті кәсіпкерлермен әңгімелесті.

Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл тұрғындарының табысын арттыру үшін "Ауыл аманаты" бастамасы қолға алынғанын айтты. Мемлекет басшысы жобаның тиімді тұстарын атап өтіп, мемлекет шаруаларға, шағын және орта бизнеске барынша қолдау көрсететініне назар аударды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу