Президент Байзақ ауданында жаңадан ашылған Көктал орта мектебіне барды

758

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жамбыл облысына жұмыс сапары барысында Байзақ ауданы Көктал ауылындағы орта мектепте болды, деп хабарлайды inbusiness.kz.  

Президент Байзақ ауданында жаңадан ашылған Көктал орта мектебіне барды Фото: akorda.kz

Мемлекет басшысы мектептің ұстаздар қауымымен әңгімелесіп, жаңа жайлы мектепте білім алып жатқан оқушыларға сәттілік тіледі.

"Сендер Қазақстанның болашағысыңдар. Мен жастарымызға қатты сенемін және оларды әрқашан қолдаймын. Өмірлерің табысты болсын", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Оқу орны 2022 жылы пайдалануға берілген. Мектеп директоры Аят Сенбекұлының айтуынша, мұнда бүгінде 1207 бала білім алуда.

Үш қабатты мектеп ғимараты газбен жылытылатын дербес қазандыққа, орталықтандырылған ауызсу желісіне қосылған. Мектеп материалдық-техникалық жағынан толық жабдықталған:  32 оқу кабинеті, 4 компьютер кабинеті, 2 лингофон кабинеті, 1 роботтехника кабинеті, 1 спорт залы, шеберханасы, кітапханасы, медициналық пункті және асханасы бар. Мектепте маңайдағы ауылдардан қатынап оқитын балалар үшін көлік тасымалы ұйымдастырылған.

2023-2025 жылдары "Жайлы мектеп" ұлттық жобасы аясында Жамбыл облысында  9500 орындық 13 мектеп салу жоспарланып отыр. Оның сегізі келесі жылы пайдалануға берілуге тиіс.

Жалпы, Президенттің тапсырмасымен 2023-2025 жылдары "Жайлы мектеп" ұлттық жобасы аясында республика бойынша 800 мың оқушыға арналған 400-ден астам жайлы мектеп салынады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу