Президент банктерді бизнеске қолдау көрсетуге шақырды

1178

ШОБ қазан айына дейін еңбекақы төлеу қорынан ұсталатын салықтан босатылады.    

Президент банктерді бизнеске қолдау көрсетуге шақырды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев республикалық телеарналардың эфирінен Қазақстан халқына жолдаған үндеуінде төтенше жағдай кезінде шағын және орта бизнес өкілдеріне (ШОБ) қандай қолдау көрсетілетінін жариялады.

"Бұған дейін ШОБ-ты қолдауға қатысты салық преференциясы, қарызды қайтару мерзімін шегеру және басқа да шараларды жарияладым. Шағын және орта бизнестің маған жасаған ұсынысының басым бөлігі мемлекеттік органдар тарапынан жүзеге асырылып жатыр. Бұл – мемлекеттік қолдау көрсету кезінде басымдық берілетін қызмет түрлерін кеңейту, несиенің сыйақы мөлшерлемесін азайту сонымен қатар мемлекеттік кепілдікті ұлғайтуға қатысты мәселелер", – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың мәлімдеуінше, қаржы нарығын реттеу агенттігі ШОБ-тың несие төлеу мерзімін шегеруге қатысты мәселесін банктермен және қаржы ұйымдарымен талқылап жатыр.

"Осы сұраққа жеке тоқталғым келеді. Кәсіпкерлердің дені төтенше жағдай кезінде банктерге несиеге сыйақы есептемеуді бұйыруды сұрап жатыр. Бұл банктерді табысынан қағатын, шығынға ұшырататын жағдай екенін түсіну қажет. Банктер де экономиканың ажырамас бөлшегі. Сондықтан мен тағы да екінші деңгейлі банктерді азаматтық жауапкершілікке, конструктивизмге шақырамын. Банктерге қиын болған кезде мемлекет қол ұшын берді. Қазір сіздерден халыққа, отандық бизнеске қолдау қажет", – деді Мемлекет басшысы.

Президенттің сөзінше, жағдай ары қарай ушығатын болса, үкімет пен қаржы реттеушісі шара қабылдайды.

"Кәсіпкерлер қосымша салықтық жеңілдікке мұқтаж болып отыр. Бұл жұмыспен қамту және жалақы төлеу үшін аса маңызды мәселе. Сондықтан шағын және орта бизнес субъектілерін биылғы жылдың 1 қазанына дейін еңбекақы төлеу қорынан ұсталатын салықтан босатуды тапсырамын.

Мұндай қолдау сауда, көлік қызметі, қонақүй, туризм және басқа да салаларды қамтиды", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу