Президент білім саласының проблемасын түгендеп, тапсырмалар берді

573

Білім ошақтарында қауіпсіздік талаптары толық сақталмайды.

Президент білім саласының проблемасын түгендеп, тапсырмалар берді Фото: akorda.kz

Мектептегі буллинг, зорлық-зомбылық. Одан қалды интернет іздеп дала кезген ұстаздар. Осы сияқты білім беру саласындағы қордаланған мәселені бүгін президенттің өзі де көтерді. Қасым-Жомарт Тоқаев Республикалық педагогтер съезіне қатысып, ұстаздар күнімен құттықтады. Білім саласына қатысты тиісті органдарға бірқатар өзекті тапсырмалар берді. 

Президент айрықша тоқталған өзекті мәселенің бірі  мектептегі орын тапшылығы.  Елімізде жыл сайын 400 мыңнан астам бала дүниеге келеді. Демографиялық өсім білім беру жүйесіне айтарлықтай салмақ түсірген. Орын тапшылығын шешу үшін жемқорлардың заңсыз тапқан табысы да жұмсалып жатыр. Бүгінге дейін 13 мектеп салынса, жыл соңына дейін тағы 33-і бой көтермек. 

"Екі жылдың ішінде барлық аймақта, соның ішінде ауылдық жерлерде жүздеген білім ордасы салынады. Соның арқасында үш ауысымды оқытудан біржола құтыламыз. Жақында ғана мен еліміздің кәсіпкерлерімен кездесу барысында қайырымдылық ретінде мектеп салу керектігі туралы мәселені қозғадым. Бұл азаматтық жауапкершілік деген сөз. Сондықтан біздің кәсіпкерлер бұл жұмысқа белсене кіріседі деп ойлаймын", – деді ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.  

Соңғы кезде әлеуметті мектеп тапшылығынан бұрын білім ордаларындағы қауіпсіздік алаңдатып тұр. Астана мектептерінің бірінде баспалдақтан құлаған оқушы ауыр жарақат алса, Алматыда бірінші сынып оқушысы зорланғаны туралы хабар жалпақ жұртқа тарады. 

"Бұл жағдай білім ошақтарында қауіпсіздік талаптары толық сақталмайтынын көрсетіп отыр. Әсіресе, көп жыл бұрын салынған ескі мектептер талапқа сай емес. Министрлік әкімдіктермен бірлесіп, мектептердің қауіпсіздігін толық тексеруі керек. Сондай-ақ жаңа мектептердің жобасын жасағанда бұл мәселе мұқият тексерілуі тиіс. Алайда, қауіпсіздік мәселесі тек мұнымен шектелмейтіні анық. Өкінішке орай оқушылардың бір-біріне әлімжеттік, тіпті зорлық көрсетуі тыйылмай отыр", – деді президент.

Мемлекет басшысы мұндай қылмыс жасағандарды заңмен қатаң жазалау үшін Президент әкімшілігіне айрықша бақылауға алуды тапсырды. Цифрлық даму министрлігі мен облыс әкімдеріне интернет желісі мүлдем тартылмаған мектептердің бәрін 2027 жылға дейін жылдамдығы жоғары интернетке қосуды тапсырды. Сондай-ақ бүгінде елімізде 5 мың ұстаз жетіспейді. Мұғалімдердің 23 пайызы ғана жоғары санатқа ие екен. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу