Президент "Бір белдеу, бір жол" халықаралық ынтымақтастығының III форумының ашылу рәсіміне қатысты

346

Қазақстан Президентінің Бейжіңге ресми сапарының екінші күні "Бір белдеу, бір жол" халықаралық ынтымақтастығының III форумының ашылу рәсіміне қатысудан басталды. 

Президент  "Бір белдеу, бір жол" халықаралық ынтымақтастығының III форумының ашылу рәсіміне қатысты Фото: akorda.kz

Мемлекет басшысы дәстүрлі қонақжайлығы мен форумды мінсіз ұйымдастырғаны үшін ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинге алғыс айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде Қытайдың жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз ету ісіндегі шешуші рөліне назар аударып, оны экономикалық және технологиялық дамудың локомотиві ретінде атап өтті.

– Қазіргі геосаяси жағдайда "Бір белдеу, бір жол" бастамасы қажетті халықаралық жобаға және ынтымақтастықтың ірі платформасына айналды. Бұл жоба Қытайдың экономикалық қуатын, сондай-ақ оның жаһандық деңгейдегі жаңа белестерді бағындыруға ұмтылысын көрсетеді. Осыдан он жыл бұрын Сіз Қазақстанда алғаш рет "Бір белдеу, бір жол" ұзақмерзімді бастамасын ұсынып, оның басты қозғаушы күші болдыңыз. Мұның символдық мәні зор. Осы маңызды мерейтойды атап өте отырып, бүгінде Сіздің бастамаңыз өзінің қажеттілігін көрсетті және әлемдік қоғамдастық тарапынан мойындалып, жаһандық ауқымдағы үлкен жобаға айналды деп сенімді түрде айта аламыз, – деді Президент.

Мемлекет басшысы "Бір белдеу, бір жол" жобасының теңдессіз әрі ауқымды халықаралық ынтымақтастық үшін пәрменді платформаға айналғанына тоқталды.

– Осы жобаға қатысушы мемлекеттердің бастамалары арқасында Азия, Еуропа және Африканың 150-ден астам елі тарам-тарам теміржолдар желісі, жоғары жылдамдықты күре жолдар және теңіз жолдары арқылы байланыс жасап отыр. Бұл жоба әлем экономикасының жылдам құбылып тұрған жағдайында қазіргі заманның аса күрделі сын-қатерлеріне тиімді төтеп бере алатын және мемлекеттеріміз үшін жалпыға ортақ игілікке айналды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу