Тіпті, 15-20 пайыз шамасында резерв қалыптастыруы керек, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Мұны ел Президенті "Үкіметтің алдында тұрған міндет" деп айқындап берді.
– Алдағы екі жылда кемінде 3 гигаваттық жаңа қуат көздерін іске қосу қажет. Бұл – алдыңғы жылдардың көрсеткішінен 2,5 еседей артық меже.
Біздің көміртегі бейтараптығына қол жеткізу туралы стратегиялық бағдарымыз өзгермейді. Алайда оны жүзеге асыруға барынша байыппен, салмақты түрде қараған жөн, – деп атап өтті Мемлекет басшысы.
Сөз арасында Қасым-Жомарт Тоқаев қолда бар табиғи байлықтар мен мүмкіндіктерді ұтымды пайдалану керегін айтты. Яғни, әлдеқашан ескірген технологиялар бойынша салынған ЖЭС-терді инновациялық көмір стансалары алмастыратын күн жеткен.
– Қытай мен Оңтүстік Кореяда зиянды шығарындылары аз, жаңа буын көмір стансалары табысты жұмыс істеп тұр. Өкінішке қарай, кезінде Балқашта көмір электр стансасы салынбай қалды. Соның кесірінен біз мықты қуат көзінен айырылып қалдық. Ал ондай станса бізге қазіргі таңда артық болмайтын еді, – деп өкінішін білдірді ол.