"Біз көпшіліктің мүддесін білдіретін депутаттардың жаңа құрамын жасақтаймыз"

699

Биыл Президент сайлауы, келесі жылы Мәжіліс және мәслихат депутаттарының сайлауы өтеді. Содан кейін Үкімет құрамы жасақталады.  

"Біз көпшіліктің мүддесін білдіретін депутаттардың жаңа құрамын жасақтаймыз"

Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінгі Жолдауында айтты, деп жазады  inbusiness.kz.

"Елімізді саяси жаңғырту үдерісінде парламентаризмді дамыту ісі айрықша орын алады. Жаңарған Ата заңымыз әділ әрі ашық ережелері бар саяси жүйенің мүлде жаңа стандарттарын енгізеді.

Саяси партияларды тіркеу рәсімі айтарлықтай жеңілдетілді. Парламент пен мәслихаттарды партиялық тізім және бір мандатты округ бойынша жасақтаудың тың тәсілдері іске қосылады.

Жалпы конституциялық реформада көзделген институционалдық өзгерістің бәрін осы жылдың соңына дейін заңмен бекітіп, аяқтау қажет", – деді Мемлекет басшысы. 

Президенттің айтуынша, бұл өзгерістер саяси партиялардың санын арттырып, саяси бәсекені күшейтеді, халық қалаулыларының жаңа легі пайда болуына септігін тигізеді.

"Ескі тәсіл бойынша сайланған биліктің өкілді органдарының кезектен тыс сайлау науқаны арқылы жаңаруы заңдылық.     

Сондықтан Мәжілістің және барлық деңгейдегі мәслихаттардың сайлауын келесі жылдың бірінші жартысында өткізуді ұсынамын.

Біз көпшіліктің мүддесін білдіретін депутаттардың жаңа құрамын жасақтаймыз. Бұл қадам мәслихаттар мен Парламент жұмысының тиімділігін арттырары сөзсіз. Болашақта Үкімет құрамына сайлаушылардың басым көпшілігінің дауысын алған саяси күштердің ғана емес, Парламенттегі басқа да партиялардың өкілдері кіруі мүмкін", – деді Жолдауда Тоқаев.

Мұндай тәсіл атқарушы билікке бүкіл қоғамның талап-тілегін ескеретін тиімді шешімдер қабылдауға мүмкіндік бермек.

"Сонымен биыл Президент сайлауы, келесі жылы Мәжіліс және мәслихат депутаттарының сайлауы өтеді. Содан кейін Үкімет құрамы жасақталады. Соның нәтижесінде 2023 жылдың ортасында Президент, Парламент, Үкімет сияқты негізгі саяси институттардың бәрі қайта жаңғырып, жаңарады".

Қасым-Жомарт Тоқаев

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу