Салық жүйесі бақылау-жазалау тәсілінен бизнес өкілдерімен сенімді серіктестік орнату тәсіліне көшуі керек. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жамбыл облысының жұртшылығымен кездесуінде айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Кәсіпкерлерге барынша жағдай жасалуда. Бірінші қаңтардан бастап жаңа Салық кодексі күшіне енеді. Салық жүйесі бақылау-жазалау тәсілінен бизнес өкілдерімен сенімді серіктестік орнату тәсіліне көшуі керек. Бұл – Үкіметтің алдында тұрған міндет. Облыстардағы іскерлік ахуалды жақсарту үшін "Іскер аймақ" бағдарламасы жүзеге асырылады. Бұл жоба, ең алдымен, ауылдар мен шағын қалаларда кәсіпкерлікті дамытуға арналған. Бизнесі мықты мемлекеттің халқы – бақуатты, қоғамы тұрақты болады", – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінде шағын және орта бизнестің экономикадағы үлесі 40 пайызға жақындағанын баса айтты.
"Кәсіпкерлер 4,5 миллионға жуық адамды жұмыспен қамтып отыр. Бұл – еліміздегі еңбекке жарамды азаматтардың жартысына жуығы деген сөз. Өндіріс саласы тың серпінге ие болды. Елімізде белгілі шетелдік және отандық компаниялар ойдағыдай жұмыс істеп жатыр, ірі өндіріс орындары ашылуда. Биылдың өзінде 33 зауыт іске қосылды", – деді Мемлекет басшысы.