Тоғжан Ғани, "Время" газетінің тілшісі:
– Әлемдік тәжірибеде конституциялық реформа ұзақ уақытқа созылады. Ал бізде жаңа Конституцияны дайындауға және талқылауға аз ғана уақыт жұмсалды. Бұған халықаралық байқаушылар назар аударып, сынға алды. Сіз бұл жөнінде не дейсіз?
Президент:
– Бұған дейін айтқанымдай, Конституция жобасын әзірлеу жұмыстары біраз уақытқа созылды. 2022 жылы Конституцияға өзгерістер енгізілгені өздеріңізге мәлім. Сол кездің өзінде жаңа Конституция қабылдауға болар еді. Бірақ біз ондай қадамға бармадық. Дегенмен жаңа Конституция қабылдау туралы идея пайда болды. Шамамен екі жыл бұрын іске кірістім. Елімізге жаңа Конституция қабылдау керек деген ұйғарымға келдім. Қазақстан, ең алдымен, зайырлы мемлекет болуға тиіс. Бұл Конституция елімізді ілгерілетініне ешқандай күмәнім жоқ. Біз көштен қалмай, прогрестің алдыңғы шебінде жүруіміз керек. Озық ел болсақ, басқа мемлекеттер бізге құрметпен қарайды. Ел тағдыры өз қолымызда. Сол үшін табанды еңбек ету керек. Алдымызда тұрған ең үлкен мақсат – осы.