Президент: Депутаттар популизммен емес нақты іспен айналысуы керек

550

Президент жергілікті әкімдік өкілдерімен конструктивті жолмен жұмыс жүргізу керектігін ескертті. 

Президент: Депутаттар популизммен емес нақты іспен айналысуы керек Фото: Ақорда

Әкімдер мен министрлерден бөлек президент депутаттарға да ескерту жасады. Парламенттің де, мәслихаттардың өкілдеріне де. Қасым-Жомарт Тоқаев "популизммен емес, нақты іспен айналысу керек" деді. Ал, отырысқа қатысқан депутаттар тың идеяларымен шықты.

Президент отырысқа қатысып отырған мәслихат төрағаларына осындай кеңес берді. Жергілікті әкімдік өкілдерімен конструктивті жолмен жұмыс жүргізу керектігін ескертті. 

"Бұл  Парламент пен Үкіметтің өзара бірлескен жұмысына да қатысты мәселе. Парламент депутаттарының ой-пікірі атқарушы билікті беталды сынның астына алуды ғана көздемеуге тиіс. Үкіметтің де, Парламенттің де мақсаты  бір. Бұл  халықтың қамы және елдің мүддесі", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Депутаттардың тың ұсыныстары

Мемлекет басшысы "азаматтар парламенттің жаңа құрамына үміт артып отыр" деді. Депутаттар осы сөзден арқаланып шыққан іспетті. Президенттің "экономиканы көтеру керек" деген тапсырмасын қалай орындаудың жолын да айтты. Әдеттегідей ауыл шаруашылығын дамытуды ұсынған кей мәжілісмен тың ұсынысын да ортаға салды.

"Бюджет қаражатын ұрлауды жалпы тоқтату керек. Оған тыйым салу керек те, оған қатаң жаза қолдану керек", - дейді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Нұртай Сабильянов.

Есесіне осындай ауқымды кеңеске бірінші рет қатысқан Зайсан аудандық мәслихатының төрағасы нақты бастамасын дайындап келіпті. Еркебұлан Зағыпаров "әр өңірден сайланған мәжіліс пен сенат депутаты шалғай ауылдардың мәселесін толық білмеуі мүмкін екенін ұмытпау қажет" дейді. Отырыста сөз тимесе де ұсынысын біз арқылы жеткізуге ұмтылды.

"Алдағы уақытта премьер-министр және біздің әр саладағы министрлерді жинап, бізді 4 аймаққа бөлсін. Және 4 аймаққа бөлген соң 4 кварталға шақырып, қандай мәселелер бар деп мәслихат төрағаларынан естісе. Сонда біздің жұмыстың жүру механизмі, президент айтқан бюрократизм емес, нағыз көзімен көріп, сол жергілікті жердің жағдайын түсініп отырған азаматтардан естіп-білсе деймін", - деп пікір білдірді ШҚО Зайсан аудандық мәслихатының төрағасы Еркебұлан Зағыпаров.

Жер-жердегі халықтың пікірімен санасып қабылданатын қазіргі өзекті мәселенің бірі  атаулы әлеуметтік көмек. Жуырда депутаттар оны тоқтатуды сұраған. Алайда үкімет өкілдері "төлем тоқтамайды, тек беру тетігі жетілдіріледі" деп отыр. Мәжіліс депутаттарымен талқылау арқылы. Мәслихаттармен емес. 

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу