Мемлекет басшысы Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІІ сессиясында Ассамблеяның жұмысын күшейтуге бағытталған маңызды міндеттерді атап өтті, деп жазады inbusiness.kz сайты.
"Ассамблея аймақтардағы жұмысты жандандыруы керек. Былтыр Түркістанда жаңа Достық үйі ашылды. Енді осындай орталықты халық тығыз қоныстанған Алматы облысында да салу қажет. Бұл ғимарат аймақтың қоғамдық өмірі үшін маңызды рөл атқарады", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы Қордай, Ұйғыр, Сайрам, Панфилов аудандарында жаңа Ассамблея бөлімшелерін ашуды ұсынды.
Сонымен қатар, Достық үйлерін бірқатар қала мен аудан орталықтарында ашу жоспары бар екенін айтып, бұл бастаманы толық қолдайтынын жеткізді.
"Барлық аймақтағы Достық үйлерін туристік бағыттар картасына енгізу керек. Құзырлы органдар мен әкімдер этномедиация саласындағы жұмысты күшейтіп, "Елдесу және татуласу" жобасының ауқымын кеңейтуге атсалысуы қажет", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар, ақпараттық кеңістікте бірлік пен келісім идеяларын кеңінен насихаттау қажеттігіне ерекше назар аударды.
Бұл ретте Ассамблея құрылымдарының, әсіресе, журналистер клубының рөлі маңызды екенін атап өтті.
"Салалық министрлік пен әкімдер ҚХА журналистер клубының жұмысына жетекші бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін тартып, оның бірыңғай алгоритмін жасауы керек. Этностардың тілінде шығатын өңірлік БАҚ-қа жүйелі қолдау қажет", – деді Мемлекет басшысы.
Президенттің айтуынша, Ассамблея бастамалары қоғамдық-саяси жұмыстардың ресми жоспарына енгізіліп, Үкімет пен әкімдер нақты шаралар қабылдауы тиіс.