Қазақстанға дәрілік заттардың айналымын реттеу саласын жетілдіру бойынша III деңгей берілді

112

Президент Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бас директоры Тедрос Адханом Гебрейесуспен кездесті.

 Қазақстанға дәрілік заттардың айналымын реттеу саласын жетілдіру бойынша III деңгей берілді Фото: akorda.kz

Әңгімелесу барысында Қазақстан мен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы арасындағы ынтымақтастықтың қазіргі жай-күйі және перспективасы талқыланды, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Тедрос Адханом Гебрейесус Қасым-Жомарт Тоқаевқа Өңірлік экологиялық саммитке қатысуға шақырғаны үшін алғыс айтты.

Мемлекет басшысы Ұйыммен ықпалдастықтың жаңа әрі сапалы деңгейге көтерілгеніне тоқталып, сондай-ақ еліміздің жаһандық бастамаларына ұдайы қолдау көрсетіп келе жатқаны үшін ризашылығын білдірді.

Кездесуде климат пен денсаулық сақтау бағытында бірлескен зерттеулер жүргізу, цифрлық трансформацияға арналған бастамаларды ілгерілету және денсаулық сақтау саласына жасанды интеллектіні енгізу мәселелері қарастырылды.

ДДҰ басшысы Қазақстанда жаңа Конституция қабылдау арқылы саяси реформалар мен экономикалық өрлеудің табысты іске асырылып жатқанын атап өтті.

Оның айтуынша, Ұйым Қазақстанның өңірлік және жаһандық деңгейде экология мен су қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған күш-жігерін қолдайды.

Кездесу соңында Бас директор Мемлекет басшысына Ұйымның елімізге дәрілік заттардың айналымын реттеу саласын жетілдіру бойынша 3-деңгей берілгенін растайтын хатты табыстады. Бұл ұлттық бақылау жүйесінің сенімділігін көрсетеді. Қазақстан мұндай дәрежеге ТМД елдері арасында бірінші, ал Еуропа аймағында төртінші болып қол жеткізген.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу