Еуразиялық экономикалық одақ макроэкономикалық дамудың оң динамикасын сақтап отыр. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің кеңейтілген құрамдағы отырысында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Еуразиялық экономикалық одақ макроэкономикалық дамудың оң динамикасын сақтап отыр. Болжамдарға сәйкес, 2026-2027 жылдары одаққа мүше мемлекеттердің жиынтық жалпы ішкі өнімінің (ЖІӨ) өсім қарқыны шамамен екі жарым пайызды құрайды. Жаһандық нарықтардың тұрақсыздығы мен құбылмалылығына қарамастан, былтыр елдеріміз арасындағы тауар айналымы 95 миллиард доллардан асты. Биыл өзара сауда көлемі тағы 6 пайыздан астам өседі деп күтілуде. Бұл 100 миллиард долларлық межені еңсеруге мүмкіндік береді", – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, халықаралық ұйымдардың жаһандық нарықтың жай-күйіне қатысты бағасы көңіл көншітпейді.
"Халықаралық валюта қорының баяндамасына сәйкес, осы жылы әлемдік экономиканың өсу болжамы төмендеу жағына қарай – үш пайызға дейін өзгертілді. Төрткүл дүниедегі жалпы құрылымдық өзгерістер одақтың экономикалық динамикасына әсер етпей қоймасы анық. Осы тұста бірлестігімізді жаңа шынайылыққа бейімдеу, ішкі тұрақтылықты нығайту және оның бәсекеге қабілеттілігін арттыру міндеттері өзекті", – деп атап өтті Мемлекет басшысы.
Айта кету керек, бұған дейін Президент Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің шағын құрамдағы отырысына қатысқанын жазғанбыз.