Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев теннистен ұлттық әйелдер құрамасының көшбасшысы Елена Рыбакинаны туған күнімен құттықтады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Қазақстан теннис федерациясының мәліметінше, Мемлекет басшысы спортшыға құттықтау хат жолдаған.
"Уимблдондағы және басқа да беделді халықаралық жарыста тамаша жеңістеріңізбен қазақстандық теннис тарихы беттерінен ойып орын алдыңыз. Алдағы уақытта да жанкүйерді керемет ойыныңызбен және жаңа жеңістеріңізбен қуантып, дене шынықтыру мен спортты дамытуға және ілгерілетуге үлес қосатыныңызға сенімдімін. Сізге зор денсаулық пен құт-береке тілеймін", - делінген құттықтауда.
Қазақстанның бірінші, әлемнің 4-ракеткасы Е.Рыбакина бүгін 25 жасқа толды.
Бүгін — сондай-ақ Қазақстанның ерлер арасында бірінші, әлемнің 17-ракеткасы Александр Бубликтің де туған күні. Ол 27 жастың биігіне шығып отыр.
Осы аптада Е.Рыбакина Берлинде, А.Бублик Галледе өнер көрсетеді.