Президент: Елімізде ұзақ уақыт әлеуметтік әділдік назардан тыс қалды

Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласының жұртшылығымен кездесті. 

Президент: Елімізде ұзақ уақыт әлеуметтік әділдік назардан тыс қалды Фото: akorda.kz

Жиында Мемлекет басшысы қаңтар оқиғасы еліміз үшін зор сынақ болғанын атап өтті.

"Қаңтар оқиғасының астарына үңілсек, оның себептері айқын көрінеді. Елімізде ұзақ уақыт әлеуметтік әділдік назардан тыс қалды. Мемлекет пен қоғамның арасы алшақтап кетті. Жылдар бойы шешілмеген әлеуметтік-экономикалық мәселелерден жұрт әбден қажыды. Бұл – түсінікті жайт. Алайда, қылмыскерлердің көздегені басқа еді. Олар бейбіт шеруді жаппай тәртіпсіздікке айналдырғысы келді. Алдын-ала әзірлеген арандатушылар, бұзақылар, тіпті қарақшыларды пайдаланды.  Соның кесірінен Алматыдағы жағдай күрт нашарлады, тіпті, бақылаудан шықты. Қылмыскерлер әкімшілік ғимараттарды басып алды. Көшелерді жауып, жолында кездескеннің бәрін қиратты, тонады. Қысқасы, ойларына не келсе, соны істеді. Бірақ, қандай жағдай болсын, азаматтарымыз, ең бастысы, Алматының асқақ рухын құлатқан жоқ. Қала тұрғындары жұдырықтай жұмылды, сүйікті қаласын қорғап қалу үшін бірікті. Әрине, содырлардың мұндайды күтпегені айдан анық. Еліміздің алтын бесігі – Алматыны қиратып жатқаны осы қаланың перзенті ретінде менің де жаныма батты. Дегенмен дәл сол сәтте абдырап, уақыт ұттыруға еш қақымыз болған жоқ. Онда әбден дандайсып кеткен қарақшылар қаламызды күл-талқан етер еді. Ел тағдыры сынға түскен жауапты сәтте халқымыз мызғымас бірлігі мен қайтпас қайсарлығын танытты. Мемлекеттігімізді сақтап қалу үшін біз қандай тәуекелге де баратынымызды айқын көрсеттік", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар Президент қылмыскерлердің қолшоқпары болған, арандап қалған жандарға кешіріммен қарау керек деген шешімге келгенін айтты. 

"Мен ауыр қылмыс жасамаған осындай  азаматтарға кешіріммен қараған жөн деп шештім. Осыған орай Рақымшылық туралы заң қабылданды. Бұл – адамгершілік тұрғыдан дұрыс қадам. Өйткені кешірім – ізгіліктің белгісі. Қажетті заңдық рәсімдерден кейін рақымшылық жасалған адамдар босатылып, отбасына оралады", – деді Мемлекет басшысы.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу