Президент Еуразия даму банкіне несиені теңгемен беруді ұсынды

685

Президент Еуразия даму банкіне несиені теңгемен беруді ұсынды

Мемлекет басшысы Еуразия даму банкі басқармасының төрағасы Дмитрий Панкинді қабылдады. Кездесу барысында банк басшысы мекеменің қызметі, бұдан әрі даму перспективасы мен басымдықтары туралы мәлімдеді, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Нұрсұлтан Назарбаев Еуразия даму банкінің құрылу мақсатына, оның алдында тұрған бүгінгі міндеттерге тоқталып, интеграциялық жобаларды қаржыландырудың маңыздылығын айтып өтті.

"Банктің негізгі құрылтайшылары Қазақстан мен Ресей. Банк Еуразиялық экономикалық одақтың мүддесі үшін құрылды. Жұмыстың таңдалған бағыты дұрыс. Қазақстанда несиені көбіне теңгемен беру мүмкіндігін қарастыруды ұсынамын", – дейді мемлекет басшысы.

Сондай-ақ президент Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер бастама көтерген шағын жобаларға несиені қоса қаржыландыру шартымен беру мәселесін қарастыруды ұсынды.

"Көлік инфрақұрылым, су және аграрлық бағыттағы ортақ жобаларды қоса қаржыландыруға банктің мүмкіндігі бар. Бұл жобалар одаққа мүше барлық мемлекет үшін жұмыс істейді. Мұндай жобалар ең алдымен оларды ұсынатын Еуразиялық экономикалық комиссияның жұмысына байланысты болмақ", – дейді Нұрсұлтан Назарбаев.

Дмитрий Панкин президентке жаңа жобалар жөніндегі шарттардың жасалу барысы туралы, сондай-ақ банктің несиелік қорының ахуалы, оның өткен жылдың қорытындысы бойынша айтарлықтай артқанын баяндады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу