Президент фракция жетекшілерімен кездесті

1099

Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент Мәжілісінің пленарлық отырысының алдында фракциялардың жетекшілерімен кездесті, деп хабарлайды Ақорданың ресми сайты.  

Президент фракция жетекшілерімен кездесті

Қазақстан Президенті Конституцияда бекітілген тәртіпке сәйкес Премьер-Министрдің лауазымына ұсынылатын кандидатураны депутаттық фракция жетекшілерімен ақылдасты.

Мемлекет басшысы Парламент Мәжілісінің отырысында еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуын қорытындылап, атқарушы билік тармағының пандемия салдарынан болған жаһандық дағдарыс жағдайындағы іс-әрекетіне баға берді.

"Үкімет дағдарысқа қарсы жоспарды тиімді жүзеге асырды. Соның арқасында жұмыссыздықтың көбеюіне, халық табысының жаппай төмендеуіне жол берілмеді. Бұл шаралар тиімді болды", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы еліміздегі негізгі макроэкономикалық көрсеткіштердің тұрақты және қаржы жүйесінің орнықты екенін атап өтті.

Қазақстан Президенті Үкімет пен Мәжілістің жаңа құрамы экономиканың ұзақ мерзімді өсімін қамтамасыз етуге және халықтың әл-ауқатын жақсартуға баса көңіл бөлуі тиіс екенін айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев Жаңа Үкіметтің тиімді және үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету мақсатында ел Конституциясының 44-бабына сәйкес, Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі лауазымына тағайындауға келісім беруі үшін Асқар Маминнің кандидатурасын Парламент Мәжілісінің қарауына ұсынды.

Мемлекет басшысы өзінің шешімін түсіндіре келе, Асқар Маминнің білікті әрі тәжірибелі, еңбекқор, талапшыл және парасатты мемлекеттік қызметші екенін атап өтті.

"Ол алдымызда тұрған мақсат-міндеттерді жақсы түсінеді. Оның Үкіметтегі нәтижелі жұмысы – соның айқын дәлелі", – деді Президент.

Жиын соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Мәжіліс депутаттарына өзі ұсынған кандидатураны қолдағаны үшін ризашылығын білдіріп, Асқар Маминді жауапты лауазымға тағайындалуымен құттықтады.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу