Президент іс басқармасы жүйесі аясында медициналық кластер құрылмақ

717

Президент іс басқармасы жүйесі аясында медициналық кластер құру мәселесі қарастырылып жатыр.  

Президент іс басқармасы жүйесі аясында медициналық кластер құрылмақ Фото: primeminister.kz

Бұл туралы Президент Іс басқарушысы Айбек Дәдебаев мәлімдеді, деп жазады inbusiness.kz.

"Өздеріңізге белгілі, жұмыс өнімді болуы үшін жүйелі жоспар керек. Біз биыл Президенттің Іс Басқармасының жұмысындағы басты-басты деген бағыттарды айқындадық. Іргелі ұжымға қарасты әр мекеменің миссиясын межелеп, бір жыл ішінде атқарылуға тиіс міндеттерді, ұзақ мерзімді мақсаттарды нақтыладық. Мәселен, біздің медициналық орталықты дамытудың 2023-2025 жылдарға арналған тұжырымдамасы бекітілді. Бұл құжат медорталыққа қарасты ведомстволық бағынысты ұйымдардың – ауруханалар мен шипажайлардың, санитарлық-эпидемиологиялық сараптама орталығының (СЭСО) дамуына ықпал етуге тиіс. Еліміздің әрбір азаматына сапалы әрі қолжетімді медициналық қызмет көрсетуді жолға қою қажет. Бұл Мемлекет басшысының медицина саласына жүктеп отырған маңызды міндеті. Осы үдеден көріну үшін не істеген жөн? Отандық денсаулық сақтау жүйесін дамытуға біз қалай ықпал ете аламыз?", - деп жазды Айбек Дәдебаев Telegram парақшасында.

Оның айтуынша, алдымен, таяу үш жыл ішінде медорталық дәрігерлері ауру түрлерін ерте бастан анықтау үшін диагностиканы дамытуға, медицинаның профилактикалық мүмкіндіктерін арттыруға басымдық береді. Қазір Президент Іс Басқармасы жүйесі аясында медициналық кластер құру қарастырылып жатыр.

Ол үшін алдымен медорталық ауруханаларына жаңа білімді, тәжірибе мен медициналық технологияларды жинақтап, игеріп, содан кейін оны өңірлердегі медициналық мекемелерге тарату қажет.

"2025 жылға қарай шипажайлардың деңгейін EuropeSPA стандартына жеткізіп, тиісінше сертификаттауды жоспарлап отырмыз. Соның арқасында санаторийлеріміз Орталық Азиядағы ең озық деңгейге көтерілуі тиіс. Бұл – үшінші! Төртіншіден, СЭСО базасында білім берумен айналысуға аккредиттелген халықаралық деңгейдегі референс-зертхана құру жоспарланып отыр. Бесінші міндет – медициналық кадрлардың кәсіби деңгейі мен білігін үздіксіз арттыру. Кадрлық ресурсты толықтыру пәнаралық мамандарды – физиктерді, психологтарды, ғылыми мамандарды тарту есебінен де жүргізіледі. Медицина орталығын дамытудың тағы бір маңызды бағыты – цифрлық тәсілдер мен технологияларды кеңінен пайдалана отырып шығындар мен өндірістік процестерді оңтайландыру. Даму тұжырымдамасында айқындалған осы бағыттар Президент Іс Басқармасына қарасты медициналық орталықтың бәсекеге қабілеттілік деңгейін арттыра түсіп, отандық денсаулық сақтау саласына тигізетін ықпалын күшейтуге тиіс", - дейді Президент Іс Басқарушысы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу