Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бизнесті онлайн-кеңістік арқылы жүргізу әлем экономикасының маңызды бағытына айналғанын айтты.
– Қазір электронды сауда нарығының көлемі 3,5 триллион долларға жетті. Бұл үдеріс жыл сайын артып келеді. Халықаралық онлайн сауда-саттықты дамыту ісінде Қытай өте маңызды рөл атқарады. Бүгін әлемдегі аса ірі электронды сауда алаңында Қазақстанның ұлттық павильоны ашылады. Бұл қадам екі елдің алыс-берісін жандандырмақ. Былтыр Қазақстан мен Қытай арасындағы тауар айналымы 31 миллиард долларға жетті. Біз мұнымен шектеліп қалмаймыз. Электронды коммерция саласындағы әріптестікті одан әрі дамытамыз. Сонда екіжақты сауда айналымын жақын арада 40 миллиард долларға жеткізуге мүмкіндік туады. "Цифрлы Жібек жолы" бастамасы осы міндетті орындауға жол ашады, – деді Мемлекет басшысы.
JD com (Jingdong Mall) – Қытайдағы тауарлар мен қызметтер сатуға арналған ең ірі онлайн платформа. 1998 жылы негізі қаланған онлайн ритейл алаңының 400 миллионнан астам пайдаланушысы бар. 2022 жылы JD com 1 триллион юань таза пайда тауып, Қытайдағы электронды сауда алаңдарының арасында бірінші орынға шыққан. Қазіргі кезде платформада 40-тан аса елдің ұлттық павильондары жұмыс істейді. Қазақстанның ұлттық павильонын ашу жөнінде келісімге биыл наурыз айында қол қойылды. Бүгінде ұлттық павильонымызда еліміздің бірнеше өнім түрі сатылымға қойылған. Бұған қоса алдағы уақытта экспорттық әлеуеті жоғары 15 отандық азық-түлік өндірушісінің өнімдерін (күнбағыс майы, кондитер өнімдері, сусындар) Қытай нарығына шығару жоспарланып отыр.