Президент қандай кітап оқып жүр?

3149

Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарға челлендж жолдады.

Президент қандай кітап оқып жүр?

Карантин кезінде уақытты кітап оқуға арнап, бір-біріне члендж жолдаған қазақстандықтардың игі бастамасын ел Президенті жоғары бағалап, өзі де бірнеше кітапты ақтарып шығуға бас қойғанын жазды.

"Қазіргідей елең-алаң уақытта баршаңыздың күнделікті тіршіліктеріңіз өзгеріске ұшырағаны белгілі. Пандемиядан қорғанудың бірден-бір жолы – әлеуметтік оқшаулану, яғни үйде болу екенін жаһан жұртшылығы мойындап отыр. Әрине, бұл – уақытша құбылыс, өтпелі кезең. Дегенмен, осы уақытты барынша тиімді пайдалану – әрбір адамның өз қолында", – деп жазды Мемлекет басшысы Instagram-дағы ресми парақшасында

Көзі қарақты қауымның осындай кезеңде әрненің басын шалмай, кітапты насихаттауын өте орынды бастама деп бағалаған Қасым-Жомарт Тоқаев кітапқұмар белсенділерге алғысын да білдірді. 

"Сондықтан, осы карантин күндері ақын-жазушылар, журналистер, мәдениет қайраткерлері және қатардағы азаматтарымыз әлеуметтік желіде "Қандай кітап оқып жатырсыз?" челлендж-эстафетасын ұйымдастырған екен. Бұл бастаманы толық қолдаймын және осындай игі істі қолға алған отандастарыма шынайы ризашылығымды білдіремін", – деді  ол. 

Мемлекет басшысы қазақстандықтарды коронавирус пен дағдарысқа қатысты негізсіз ақпараттардың жетегінде кетпей, білімнің сенімді көзі – кітапқа көңіл бөлуге шақырды.

"Шын мәнінде, кітап оқу – рухани кемелденудің көзі десем артық емес. Қазіргі уақыт – секунд сайын жаңарған ақпарат заманы. Жалған деректің, шындыққа жанаспайтын қауесеттердің де тез тарап жатқанын көріп отырмыз. Сондықтан, мұндай жағдайға мейлінше жол бермеу үшін алтын уақытымызды осындай пайдалы істерге жұмсағанымыз жөн", – деп жазды Президент.

Президентке "Қандай кітап оқып жатырсыз?"  деген сауалды Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Ұлықбек Есдәулет жолдаған екен. Ақынның орынды ұсынысын мемлекет басшысы іліп әкеткен.

"Белгілі ақын, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Ұлықбек Есдәулеттің менің атыма жолдаған эстафетасын қабылдаймын және осы күндері оқып жатқан кітаптар мен газет-журналдардың тізімін ұсынамын", – деген Президент кейінгі кезде қолынан түспе жүрген бірнеше кітаптың тізімін ұсыныпты.

Олар:
⠀1. Жүсіп Баласағұн. Құтты білік.
2. Абай Құнанбаев. Хикмет кітәбі. Книга мудрости. Book of wisdom.
3. Winston Churchill. The Second World War. Volume III. The Grand Alliance.
4. Тұрсын Жұртбай. Құнанбай.
5. Ерлан Сыдыков. Кунанбай.
6. Адам Туз. Крах. Как десятилетие финансовых кризисов изменило мир.
7. Алек Росс. Индустрии будущего. The Industries of the future.
8. Кевин Келли. Неизбежно. 12 технологических трендов, которые определяют наше будущее.
9. Parag Khanna. The Future is Asian.
10. "Қазақ әдебиеті", "Ана тілі", "Turkistan" және т.б. газеттер, "Жұлдыз" журналы.

Жазбаның соңында Қасым-Жомарт Тоқаев ақыннан қабылдаған эстафетаны барша қазақстандықтарға жолдап, әр қазақ оқуға тиіс деп санайтын 20 кітаптың тізімін берді. Ол тізім биыл 175 жылдық мерейтойы тойланатын Абай Құнанбайұлынан басталып, Эрик Мария Ремаркпен аяқталған.

"Осы мүмкіндікті пайдаланып, бұл эстафетаны барша отандастарыма, әсіресе, жастарға жолдаймын және төмендегі әдебиеттерді оқуға кеңес беремін", – деп түйіндеді Мемлекет басшысы.

Есжан Ботақара

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу