Президент қара жәшікті Бразилияға жіберу дұрыс шешім екенін айтты

468

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "Ана тілі" газетіне берген сұхбатында Ақтау маңындағы ұшақ апатына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Президент қара жәшікті Бразилияға жіберу дұрыс шешім екенін айтты Фото: ТЖМ

"Желтоқсанның соңғы күндері Ақтау қаласында Әзербайжан әуе компаниясының ұшағы апатқа ұшырады. 38 адам қаза болды, оның ішінде еліміздің 6 азаматы бар. Ауыр жарақат алғандар да көп. Мұндай сәтте әрбір секунд қымбат. Құтқарушылар, дәрігерлер мен тәртіп сақшылары шұғыл әрі үйлесімді әрекет етті, кәсіби деңгейі мен азаматтық жауапкершілігі жоғары екенін көрсетті. Жақын жердегі Маңғыстау өңірлік электр торабы компаниясының жұмысшылары бірден көмекке келді. Төңіректегі тұрғындар да зардап шеккендерді құтқаруға атсалысты. Азаматтарымыздың жанқиярлығы арқасында барынша көбірек адамның өмірін сақтап қалдық. Мен құтқару жұмыстарына қатысқан әрбір адамға шын көңілден ризашылығымды білдіремін", – деді Президент.

Сөзінше, қазақ халқының апаттан зардап шеккендерге жанашырлығы мен тілеулестігі азаматтарымыздың жаппай қан тапсыруға асыққанынан да айқын байқалды. 

Қасым-Жомарт Тоқаев ұшақ апатының себебін анықтау үшін Үкімет комиссиясы құрылғанын атап өтті. 

"Сонымен бірге 17 халықаралық сарапшы шақырылды. Оның ішінде Халықаралық азаматтық авиация ұйымының және Мемлекетаралық авиация комитетінің мамандары бар. Үкімет комиссиясы мәліметтің бәрі жазылған арнайы құрылғыны сол ұшақты жасаған Бразилия еліне жіберу туралы шешім қабылдады. Бұл қадам тергеу жұмыстарының объективті әрі бейтарап жүргізілуіне қажетті бірден-бір дұрыс шешім екеніне сенімдімін",  деді Мемлекет басшысы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу