Жетісу өңірінің жұртшылығы алдында сөз сөйлеген Қасым-Жомарт Тоқаев несие мәселесіне тоқталды, деп хабарлайды inbusiness.kz.
"Мен тағы бір маңызды мәселеге тоқталғым келеді. Бізде көбі несие алып, қарызға "батып" жатыр. Мені де осы мәселе қатты алаңдатады. Жақын арада бұл мәселе бойынша өз ұсынысымды жариялаймын", – деді Мемлекет басшысы.
Ендеше несие алу бойынша қазақстандықтардың қазіргі жағдайы қалай?
Бірінші кредиттік бюроның мәліметтері бойынша, 2022 жылдың 1 қазанында жеке тұлғалардың жалпы қарызы 13 трлн 918,4 млрд теңгені құрайды. Бұл жыл басындағы көрсеткіштен 21,2%-ға немесе 2,4 трлн теңгеге артық.
Кемінде бір несиесі бар қарыз алушылардың жалпы саны шамамен 7,65 млн адамды құрайды. Жыл басынан бері өсім – 7,3% немесе 520 мың адам.
Бүгінде қарыз алушы мен беруші арасында жалпы саны 17 млн 683 мың келісім-шарт бар. Жыл басынан көрсеткіш 15,8% немесе 2,4 млн бірлікке артты.
Бір келісімшарт бойынша қарыздың орташа сомасы жыл басынан бері 731 мыңнан 787 мың теңгеге дейін өсті. Бір клиенттің орташа қалған қарызы – 1,6 млн теңгеден 1,82 млн теңгеге дейін өсті.