Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сазгер Алтынбек Қоразбаевқа "Отан" орденін табыстады

Мемлекет басшысы Республика күні қарсаңында бірқатар азаматты мемлекеттік наградалармен марапаттады.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сазгер Алтынбек Қоразбаевқа "Отан" орденін табыстады Фото: Ақорда

Олардың арасында төл мәдениетіміздің көрнекті өкілі, белгілі сазгер, ұстаз Алтынбек Қоразбаев та бар, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

– Мен бүгін Алтынбек Қоразбаевқа ең жоғары марапат – "Отан" орденін табыстаймын.

Қазір арамызда даңқты альпинист Қазбек Уәлиев отыр. Ол дүниежүзінің ең биік шыңдарын бағындырып, әлемдік альпинизмнің аңызына айналды. Мен Қазбек Шәкімұлының ерен еңбегін ескере отырып, оны ІІ дәрежелі "Барыс" орденімен марапаттауды ұйғардым.

Наталья Викторовна Сафиулина жоғары педагогикалық шеберлігімен, кәсібилігімен және сүйікті ісіне адалдығымен көрінді. Жаңашыл ұстаз ерекше балаларды оқытуда озық тәсілдер енгізіп отыр.

Мемлекет шын мәнінде инклюзивті қоғам қалыптастыруға үлес қосып жүрген осындай педагогтерді әрдайым қолдайды. Білім беру саласын дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін Наталья Викторовна Сафиулинаға "Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы" атағы беріледі.

Сондай-ақ, руханиятымыздың өрісін кеңейтуге зор үлес қосып жүрген өнерпаз, танымал опера әншісі Талғат Маратұлы Мұсабаевқа "Қазақстанның халық әртісі" атағы беріледі, – деді Президент. 

Өнер қайраткерлерімен қатар, мәдениет саласын зерттеген ғалымдардың да еңбегі зор құрметке лайық. Мемлекет басшысы оларды да назардан тыс қалдырмады.

– Осы орайда, музей ісін дамытуға және тарихи-мәдени мұрамызды сақтауға белсене атсалысып жүрген белгілі өлкетанушы Бауыржан Өзбекәліұлы Жәнібековке "Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері" атағы беріледі.

Сонымен қатар, ұлағатты ұстаз, өнертанушы ғалым Эльмира Сәкенқызы Сұлтанғалиеваға "Құрмет" ордені табысталады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу