Президент қазақ-түрік кәсіпкерлері арасындағы байланысты нығайтуға уәде берді

830

Бүгінде елімізде түрік капиталы бар 4 мыңға жуық компания жұмыс істеуде.

Президент қазақ-түрік кәсіпкерлері арасындағы байланысты нығайтуға уәде берді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ-түрік кәсіпкерлері арасындағы іскерлік қарым-қатынасты нығайтуға уәде берді, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Оның айтуынша, соңғы 16 жылда түрік кәсіпкерлері Қазақстанға 4,2 млрд доллардан аса тікелей инвестиция құйған.

"Пандемия кезінде әлем бойынша шетел инвестициясының көлемі күрт азайғаны белгілі. Соған қарамастан Түркиядан Қазақстанға келетін инвестиция азайған жоқ. Мұны әрине, қуантарлық жайт деп айтуға болады. Бұл – түрік ағайындардың біздің елімізге деген жоғары сенімінің көрінісі. Былтыр Түркияның тікелей инвестициясы рекордтық көрсеткішке жетіп, 680 млн доллар болды. Қазір Қазақстанда түрік капиталы бар 4 мыңға жуық компания табысты жұмыс істеп жатыр", – деді Президент Түркиядағы бизнес өкілдерінің басқосуында.

Ол Қазақстанда қолайлы инвестициялық ахуал қалыптасқанын, қазақ-түрік іскерлік орталары арасындағы татуластық пен ынтымақтастық айрықша екенін атап өтті.

"Мен Президент ретінде бұл ахуалды ұдайы жетілдіріп, жақсарта беруге айрықша мән беріп отырмын және бар күш-жігерімді саламын. Осы жұмыс Қазақстан үшін өте қажет. Түркия бизнесмендерінің Қазақстандағы келешегі зор. Бұған еш күмән жоқ. Ең бастысы, халықтарымыздың дүниетанымы, болмысы бір, мемлекеттер арасындағы өзара сенім деңгейі жоғары. Мұндай сенім бизнес өкілдерінің арасында берік орныққан. Қазақстанда Түркия кәсіпкерлерінің қатысуымен 61 ірі жоба іске асырылды. Оған жалпы құны 2 млрд доллардан астам қаржы жұмсалды. Бүгінде біздің елде құны 2,5 млрд доллардан асатын 25 бірлескен жоба жүзеге асырылып жатыр. Сондай-ақ құны 1,3 млрд доллардан асатын 54 жаңа жоба қолға алынуда. Осылайша, қос ел арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық қарқынды дамып келеді", – деді Қасым- Жомарт Тоқаев.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу