Қазақстан ШЫҰ-ның жұмысына белсенді қатыса береді – Қасым-Жомарт Тоқаев

581

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ШЫҰ-ның Бас хатшысы Чжан Минді қабылдады, деп хабарлайды inbusiness.kz Ақорда сайтына сілтеме жасап.

Қазақстан ШЫҰ-ның жұмысына белсенді қатыса береді – Қасым-Жомарт Тоқаев

Кездесуде аймақтық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайту сияқты басым бағыттар бойынша Қазақстанның Шанхай ынтымақтастық ұйымымен арадағы ықпалдастығына қатысты мәселелер талқыланды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Чжан Минге ілтипат білдіре отырып, оның ШЫҰ-ның Бас хатшысы қызметіне геосаяси ахуалдың күрделі жағдайында, яғни Ұйымның ерекше рөл атқаратын кезінде кіріскенін атап өтті. 

– Қазақстан – Шанхай ынтымақтастық ұйымының белсенді мүшесі. ШЫҰ-ның Бішкекте өткен саммитінде сөйлеген сөзімде оның халықаралық аренадағы ұйымдардың ішіндегі ең табыстысы екенін атап өттім, – деді Қазақстан Президенті. 

Мемлекет басшысы ШЫҰ-ның кең ауқымды проблемаларды қамтитын күн тәртібінің бірегейлігіне баса мән берді.  

– ШЫҰ, шын мәнінде, қайшылық туғызатын ұйым емес. Оның қызметі конструктивтілікке, мүше мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты дамытуға бағытталған. Сонымен қатар бұл Ұйым халықаралық жағдайды жақсартуға зор үлес қосуды көздейді. Сондықтан Қазақстан ШЫҰ-ның жұмысына белсенді қатыса береді және оның әлеуетін нығайтуға өзінің елеулі үлесін қосады, – деді Қазақстан көшбасшысы. 

Чжан Мин ШЫҰ-ға мүше басқа да мемлекеттердің көшбасшыларымен бірге өзін Ұйымның Бас хатшысы лауазымына тағайындау туралы шешім қабылдау кезінде сенім білдіріп, қолдау көрсеткені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты.

Дипломат Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық даму жолындағы жетістіктерін, Президенттің басшылығымен іске асырылып жатқан ауқымды реформаларды жоғары бағалады. Чжан Мин Ұйымның әлеуетін арттыруға еліміздің қосқан елеулі үлесін және оны дамытуға белсенді атсалысатынын айтты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу