Президент қазақстандықтарды домбыра күнімен құттықтады

720

Қасым-Жомарт Тоқаев мектептерде домбыра сабағын енгізуге қолдау білдірді. 

Президент қазақстандықтарды домбыра күнімен құттықтады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды ұлттық домбыра күнімен құттықтады, деп хабарлайды inbusiness.kz порталы Ақордаға сілтеме жасап.

Қазақстан Президенті ұлттық домбыра күніне арналған концертке барды. 

"Бұл – халқымыздың тамыры тереңде жатқан төл өнерін дәріптейтін мейрам. Қазақ пен домбыра – бір-бірінен  бөле-жаруға болмайтын егіз ұғым. Домбыра – көне заманның аңыздарына  арқау болған киелі аспап. "Ақсақ құлан" күйінің шығу төркінін білмейтін қазақ кемде-кем. Ежелгі  дәуірден жеткен қастерлі домбыра ұрпақтан-ұрпаққа мирас болып келеді.  Қазақ сан ғасырлық шежіресінің куәсі болған қасиетті аспапты бойтұмарына балаған. Қазіргі тілмен айтсақ, бұл – біздің ұлттық брендіміз", – деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар ол озық мәдениеті бар ұлттың рухы әрдайым биік болары сөзсіз екенін атап өтті. Сондықтан өскелең ұрпақ осы киелі өнерді лайықты жалғастыруы қажет. 

Мектепте домбыра үйренуге арналған факультатив сабақтарын енгізу жөніндегі бастаманы қолдаған Қасым-Жомарт Тоқаев, бұл сабақтар балалалардың ұлттық санасының күшеюіне және олардың көзқарасы мен мәдени танымының кеңеюіне оң ықпал ететініне сенім білдірді.

"Биыл 1 мамырдан шығармашылық үйірмелер мемлекеттік тапсырыс аясында жұмыс істей бастады. Балалар мұндай үйірмелерге тегін қатысатын болды. Осының барлығы жастардың ұлттық құндылықтарды игеруі үшін қажет. Сондықтан домбыраның қадір-қасиетін өскелең ұрпақтың санасына сіңіру – өте маңызды міндет.  Қазір  жастарымыз домбыраны заманауи музыкамен ұштастырып, жер жүзіне танытуда. Бұл төл тарихымыз бен мәдениетімізге әлем халықтарының қызығушылығын арттырады, Қазақстанның бірегей бет-бейнесін  қалыптастырады", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы музыка өнері ешкімді ұлт пен тілге бөлмейтінін, домбыраның үні еліміздегі барша этностарды ортақ құндылыққа біріктіріп, рухани тұтастыққа бастайтынын айтты.\

Айта кетейік, Бүгін – Ұлттық домбыра күні. 2018 жылғы 13 маусымда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ұлттық домбыра күнін шілденің алғашқы жексенбісінде атап өту туралы жарлыққа қол қойған еді.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу