Президент кей басшылардың әлеуметтік желілерде әркіммен пікір таластырып отыратынын сынады

176

Қазақстан толыққанды жаңа инвестициялық кезеңді бастауы керек. Бұл – стратегиялық маңызы бар міндет. 

Президент кей басшылардың әлеуметтік желілерде әркіммен пікір таластырып отыратынын сынады Фото: Ақорда

Президент қазір елдегі инвестициялық ахуалды жақсы деп бағалады. 2022 жылдан бері жинақталған тікелей инвестиция көлемі 84 миллиард доллардан асты. Негізгі капиталға салынған инвестиция шамамен 50 пайызға артты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Дегенмен, былтыр елімізге тартылған тікелей инвестицияның көлемі өссе де, оның қарқыны әлі де баяу болып тұр.

"Мемлекет жеке капитал рөлін өзіне алудан бас тартуы қажет. Жеке капитал тартуға қолайлы жағдай жасау үшін біраз еңбектену қажет. Ал қаржыны қазынадан алып, оны инвестиция деп көрсете салу әлдеқайда оңай. Ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүрмей, нарықтық экономика қағидаттарына бағыну қажет", – деді Президент.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы елімізге жаңа әрі сапалы инвестиция тартуға арналған біртұтас стратегия қажет екенін атап өтті. Бұл стратегияда, ең алдымен, жоғары технологиясы бар заманауи өндірістер ашуға басымдық берілуге тиіс

"Осы тұрғыдан алғанда, жеке бизнес айрықша рөл атқарады. Кәсіпкерлер экономикамызға сапалы инвестиция салу арқылы жұмыс орындарын ашады, жұрттың табысын арттыруға үлес қосады.

Біз "Бәйтеректі" инвестициялық холдинг ретінде қайта құрдық. Мұндай қадамның нақты себебі болды. Холдинг нарықтық экономикаға серпін беруде, бірақ бұл қадам жеке бастамаларды шектемеуге тиіс. "Самұрық-Қазына" қорына да дәл осындай талап қойылады.

"Самұрық-Қазына" қоры және ұлттық компаниялардың басшыларымен қатаң әңгіме болды. Компаниялардың құрылымын түбегейлі қайта қарап, жаңа заманға бейімдеу керек. Қосшыдан басшы көп. Басшылық құрамы ел айтып жүргендей "Сол жағалаудың" адамдарына толып қалған. Олардың жұмысқа көміліп жатқан ештеңесі жоқ. Кейде не істерін білмей, әлеуметтік желілерде әркіммен пікір таластырып отырады. Бұл түбі жақсылыққа апармайды.

Инфляция деңгейі тұрақталып, төмендегеннен кейін нарық қағидаттарын күшейту керек болады. Даму институттары бизнеспен және қаржы секторымен тиімді қарым-қатынас орнатуы қажет. Бұл қатынас бәсекелестікке емес, өзара серіктестікке негізделуі керек.

Елімізде инвесторлардың қызығушылығын арттыратын салалар көп. Осы салаларды дамыту үшін мемлекет пен бизнес арасында сындарлы ынтымақтастық болуға тиіс. Әсіресе, сирек кездесетін металдар, мұнай-газ химиясы, цифрлық инфрақұрылым, жаңартылатын энергия көздері, көлік және агроөңдеу салаларына баса мән берген жөн.

Мысалы, қазір технологиялар қарқынды дамып жатқан кезде аса қажетті материалдарға, яғни, сирек металдарға сұраныс күрт артып келеді. Қазақстанда мұндай жобаларды жүзеге асыруға Батыс елдері және басқа да дамыған мемлекеттердің инвесторлары зор қызығушылық танытып отыр. Бұл – Қазақстанның жаһандық бәсекедегі артықшылығы. Осы артықшылықты тиімді пайдалануымыз керек, оны ел игілігіне жарату қажет", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу