Президент: "Кейінгі бес жылдың ішінде 1120 мектеп салынды"

219

Астанада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев республикалық Тамыз конференциясына қатысты.    

Президент: "Кейінгі бес жылдың ішінде 1120 мектеп салынды" Фото: ҚР Оқу-ағарту министрлігі

Президент ұстаздар қауымын дәстүрлі Тамыз конференциясының ашылуымен құттықтап, саладағы жетістіктерге тоқталды, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Соның ішінде білім саласына жеті жылда бөлінетін қаржы үш есе артып, 6,4 триллион теңгеге жеткеніне тоқталды.

"Ұлтымыздың келешегін айқындайтын тарихи өзгерістер табысты болуы үшін, ең алдымен, қоғамдық сана жаңғыруға тиіс. Бұл істе мәртебелі мамандық иесі – мұғалімнің рөлі айрықша маңызды.

Әлемді ең дамыған технология өзгертуі мүмкін. Ал адамды, оның дүниетанымын өзгерту – нағыз ұстаздың ғана қолынан келетін іс. Сондықтан мемлекет білім жүйесін дамытуға әрдайым баса назар аударады.

Кейінгі бес жылдың ішінде 1 миллионнан астам оқушыға арналған 1120 мектеп салынды. 5 мыңнан астам ауыл мектебінің материалдық-техникалық қоры жаңартылды. Білім ошақтарында 7 мыңнан астам заманауи үлгідегі пән кабинеттері жасақталды.

Өздеріңізге мәлім, осыдан екі жыл бұрын менің тікелей тапсырмаммен "Келешек мектептері" жобасы бастау алды. Осы жоба аясында 460 мың оқушыға арналған 217 мектеп салынды. Заманауи мектептердің жаңа стандарты пайда болды десек, артық болмайды.

Алайда, біз әрбір өңірде, соның ішінде мектептерге сұраныс бар аудандарда сапалы оқу орындарының құрылысын міндетті түрде жалғастырамыз. Бұл – алдымызда тұрған мемлекеттік маңызға ие аса өзекті міндет. Уақытты созбай жұмысқа кірісуіміз керек, келесі жылы құрылыс барысы қарқынды болуы қажет", – деп мәлімдеді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу