Президент келесі аптада коронавирусқа байланысты халыққа үндеу жариялайды

1226

Бұл жөнінде Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли мәлім етті.  

Президент келесі аптада коронавирусқа байланысты халыққа үндеу жариялайды

Президент коронавирус жағдайына қатысты кезекті телевизиялық үндеу жариялайды, деп хабарлайды inbusiness.kz.

"Соңғы кездері Қазақстан Президентінің жұмыс кестесі мейлінше өзгергені жасырын емес. Елімізде Төтенше жағдай енгізілді, осыған байланысты Қасым-Жомарт Кемелұлының жұмыс кестесі де Төтенше жағдай режиміне көшті. Президентке келетін шұғыл әрі сараптамалық ақпараттардың саны күрт өсті. Ал бұған дер кезінде жауап беріп, шара қолдану керек. Мемлекет басшысы жаңартылған форматта жұмыс істеп жатыр. Бүгінде көптеген жиындар мен кездесулер видео байланыс арқылы өткізілуде. Коронавирусқа қарсы күрес – күн тәртібінде қарастырылатын негізгі мәселе. Қасым-Жомарт Кемелұлы күн сайын Үкіметтің, Төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссия мүшелерінің, өңір басшыларының есептерін тыңдайды. Жақында ғана Президент барлық облыстардың және республикалық маңызы бар қалалардың әкімдеріне телефон шалып, шағын және орта бизнесті қолдауға, халықты әлеуметтік қорғауға, көктемгі егіс науқанына және су тасқынына қарсы жұмыстарға байланысты нақты тапсырма берді", – деп жазды Берік Уәли.

Еліміздегі және әлемдегі эпидемиологиялық ахуал үнемі өзгеруде. Жуырда түскен ақпараттар негізінде Төтенше жағдай режимінің және карантин шараларының ұзартылуына қатысты тиісті шешім қабылданатын болады.

"Осы ретте Мемлекет басшысы дағдарысқа қарсы менеджменттен бөлек, стратегиялық жоспарлауға да мән беріп отырғанын есте ұстауымыз керек. Ерте ме, кеш пе, Төтенше жағдай бітеді. Содан кейін алдымыздан экономиканың құрылымын қайта қарау міндеті шығады. Сондықтан алдымызға орта және ұзақ мерзімге арналған жаңа мақсаттар қою керек. Президент көптеген бағдарламалар мен тұжырымдамаларды жаңарту қажеттігін айтты. Мұнай бағасының бірден құлдырауы экономика мен қаржы секторына реформа жүргізіп, индустрияландыру мен цифрландыруды нақты жүзеге асыру керек екенін көрсетіп отыр. Денсаулық сақтау және білім салаларын да үлкен өзгеріс күтіп тұр. Мемлекет басшысы жаңа талаптарға жауап беретін стратегиялық шешімдер әзірлеуді тапсырды. Халықаралық байланыстарға келетін болсақ, қазіргі уақытта бұл мәселе негізінен телефон арқылы немесе видео конференция форматында жүріп жатыр. Атап айтқанда, жуырда Еуразиялық экономикалық одақ пен Түркі тілдес мемлекеттері ынтымақтастық кеңесінің саммиттері онлайн режимде өткізілді. Негізгі серіктестерімізбен және көршілес елдермен жедел ақпарат алмасу аса маңызды. Бір айдың ішінде Қасым-Жомарт Кемелұлы Ресей, Қытай, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Израиль мемлекеттерінің Президенттерімен, БҰҰ және Еуропалық одақтың басшыларымен, АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысымен телефон арқылы сөйлесті. Аталған келіссөздер азаматтарымызды шет елдерден алып келуге, өзара гуманитарлық қолдауға, үздіксіз көлік қатынастарын қамтамасыз етуге, азық-түлік пен медициналық құрал-жабдықтарды жеткізуге байланысты бірқатар маңызды мәселелерді шұғыл әрі ешқандай бюрократиялық кедергілерсіз шешуге мүмкіндік берді", – дейді Президенттің баспасөз хатшысы.

Мемлекет басшысы азаматтарымыздың денсаулығын сақтау мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуді ең басты міндет санайды. Ол барлық отандастарымызды Төтенше жағдай режимінің талаптарын сақтауға шақырады. Жақындарымыздың денсаулығы үшін сабыр сақтап, жауапкершілікті сезінуіміз керек. Қасым-Жомарт Кемелұлының айтуынша, "халықсыз экономика болмайды".

Сондықтан ешкім де мемлекеттің назарынан тыс қалмайды. Президенттің тікелей тапсырмасы бойынша азаматтарға қолдау көрсету үшін бюджеттен және Ұлттық қордан қаражат бөлінуде. Мемлекет басшысы осы айтылған мәселелердің оң шешілуін үнемі бақылауда ұстап отыр.

Сонымен қатар келесі аптада Президент еліміздегі коронавирус жағдайына қатысты кезекті телевизиялық үндеуін жариялайды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу