Президент кепілсіз тұтыну несиесіне қатысты мәселені ұдайы бақылауда ұстауды тапсырды

1465

Мемлекет басшысы қаржы ұйымдарының жұмысын ашық жүргізуді маңызды міндет деп санайды. 

Президент кепілсіз тұтыну несиесіне қатысты мәселені ұдайы бақылауда ұстауды тапсырды Фото: akorda.kz

Мемлекет басшысына Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев және басқарма мүшелері екінші деңгейдегі банктер активтерінің сапасын бағалау бойынша өткен жылғы қаржы-несие саясатына қатысты жүргізілген жұмыстардың қорытындылары, Ұлттық банктің алтын-валюта резервінің ахуалы және Ұлттық қордың активтері жөнінде есеп берді, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі. 

Қасым-Жомарт Тоқаевқа Ұлттық банктің дағдарысқа қарсы бастамалары, 2020 жылдың екінші жартыжылдығына арналған жоспары және коронавирус пандемиясы кезіндегі қаржы тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін қабылдаған шаралары туралы баяндалды. 

Президент Ұлттық банкке Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен бірлесіп, кепілсіз тұтыну несиесіне қатысты мәселені ұдайы бақылауда ұстау жөнінде тапсырма берді.

Мемлекет басшысы қаржы ұйымдарының жұмысын ашық жүргізуді маңызды міндет деп санайды. Бұл мәселе жалған ломбардтар мен микроқаржылық ұйымдардың алаяқтық іс-әрекеттері үдей түсуіне байланысты өте өзекті болып отыр. 

"Ломбардтар мен басқа да қаржы ұйымдарының жұмысына тексеру жүргізіп, аталған саладағы жағдай туралы ақпарат беруді тапсырдым. Бұл жұмысты жылдамдату керек. Тексерулердің қорытындысы негізінде Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне Бас прокуратурамен бірлесіп, аталған саланы реттеу жұмыстарын жүйелі түрде жүргізу және тұтынушылардың құқығын қорғау жөнінде ұсыныс енгізуді тапсырамын", – деді Президент. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу