Айсұлтан Құлшыманов, Tengrinewskz ақпарат агенттігінің тілшісі:
– Қазақстан халықаралық қақтығыстарды әрдайым дипломатиялық жолмен шешуді жақтайды. Сіз бұл ұстанымды жақында Таяу Шығыстағы ахуалға қатысты мәлімдемелеріңіз арқылы растадыңыз. Сондай-ақ Шығанақтағы бірқатар мемлекет басшысымен телефон арқылы сөйлесіп, оларға қолдау білдірдіңіз. Бірақ Иран Президентімен сөйлеспедіңіз. Бұл Қазақстанның бейтарап ұстанымынан айнып, араб елдерін қолдайтынын білдіре ме?
Қасым-Жомарт Тоқаев:
– Қазақстан әлемге бейбіт ел ретінде белгілі. Кез келген қақтығысты дипломатиялық жолмен шешуді жақтаймыз. Бұл – айнымас ұстанымымыз. Таяу Шығыста орын алған жағдайдың түрлі себебі бар. Мен мұны жақында өткен алқалы жиында да айтқанмын. Расында, Шығанақтағы араб елдерінің басшыларымен телефон арқылы сөйлестім, тілектес екенімді жеткіздім. Ал Иран Президенті Масуд Пезешкианның жақында елімізге ресми сапармен келгенін білесіздер. Сол кезде жақсы әсер қалдырды. Ол – зайырлы көзқарастағы адам, өзі кардиохирург. Мен оның Иран Шығанақ елдеріне шабуыл жасамайды деген мәлімдемесін құптадым. Тіпті, ол Иранның атынан кешірім сұрады. Алайда кейін оның мәлімдемесі жоққа шығарылды. Иран араб елдеріне шабуыл жасауды әлі тоқтатқан жоқ. Бұдан Иран Президентінің билікке толық ие емес екені көрінеді. Ол анық. Мен ешкімді айыптамаймын, жай ғана факті ретінде айтып отырмын. Бұл Иран билігінің ерекшелігіне байланысты деп ойлаймын. Бір жағынан діни билік үстемдік етеді. Өйткені Иранда діни билік негізгі бағыт-бағдарды айқындап, шешім қабылдайды. Президент те бар, бірақ ол – формальды мемлекет басшысы, іс жүзінде ықпалды тұлға саналмайды. Жалпы кез келген елде, соның ішінде Қазақстанда қос билік болмауға тиіс. Кезінде мұндай жүйені біз де бастан өткердік, бірақ баянсыз болды. Төрт жыл бұрын еліміздің ішкі тұрақтылығына қауіп төнді. Бұл Қазақстанға да, басқа мемлекеттерге де үлкен сабақ болды деп ойлаймын. Біз Иран халқына, оның мәдениеті мен тарихына құрметпен қараймыз. Сондықтан өз ұстанымымыздан айныған жоқпыз, әрдайым бейбітсүйгіш ел болып қала береміз.