"Қазақстан – Қытай" мұнай құбырының өткізу мүмкіндігін ұлғайту шаралары қолға алынды – Тоқаев

163

Қасым-Жомарт Тоқаев қолға алынған ауқымды энергетикалық жобаларды тиімді жүзеге асыру қажет деп санайды, деп жазады inbusiness.kz сайты.  

"Қазақстан – Қытай" мұнай құбырының өткізу мүмкіндігін ұлғайту шаралары қолға алынды – Тоқаев Фото: akorda.kz

– Қазір Қазақстанда мұнай-химия зауыттары салынып жатыр. Шымкенттегі мұнай өндеу зауытын жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. "Қазақстан – Қытай" мұнай құбырының өткізу мүмкіндігін ұлғайту шаралары қолға алынды. Көп ұзамай бұл жобалар экономикамызға үлес қоса бастайды. Сапар аясында қазақ-қытай іскерлік кеңесінің отырысы өтті. Онда бірқатар инвестициялық келісімдерге қол қойдық, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы ҚХР Төрағасымен көлік-логистика саласындағы ықпалдастықты жандандыру қажеттігіне назар аударғанын айтты. Бұдан бөлек, Си Цзиньпиннің Астанада жариялаған жаһандық "Бір белдеу, бір жол" бастамасы және Транскаспий халықаралық көлік бағдары аясындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланғанын жеткізді.

– Былтыр теміржол арқылы тасымалданатын жүк көлемі 22 пайызға артып, 28 миллион тоннаға жетті. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Ляньюньган, "Қорғас – Шығыс қақпасы" және Сиань қаласындағы құрғақ порттарда жүзеге асырылған бірлескен жобалардың нәтижесінде көлік-логистикалық әлеуетіміз едәуір артты. Қазіргі таңда "Аягөз – Бақты" үшінші трансшекаралық темір жол құрылысы белсенді жүріп жатыр. Бүгін біз Транскаспий халықаралық көлік бағдары арқылы жүк тасымалын іске қосу шарасына бейнебайланыс режимінде қатыстық. Бұл бағдар Еуразия құрлығындағы көлік-логистика қатынастарын дамытуға тың серпін береді, – деді Мемлекет басшысы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу