Президент Конституциялық соттың судьяларымен кездесті

504

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жыл басынан қызметін бастаған Конституциялық соттың жаңа әкімшілік ғимаратына барып, тағайындалған судьялармен кездесті, деп хабарлайды inbusiness.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.  

Президент Конституциялық соттың судьяларымен кездесті Фото: akorda.kz

Мемлекет басшысы Конституциялық сот ел өмірінде айрықша рөл атқаратын орган екенін атап өтіп, бұған дейін 27 жыл бойы табысты жұмыс істеген Конституциялық Кеңес мүшелеріне және онда әр кезеңде еңбек еткен қызметкерлерге алғыс айтты.

"Бүгінде Қазақстан жаңа дәуірге қадам басты, бұрын-соңды болмаған бірегей саяси реформалар жүзеге асырылды. Қазіргі таңда дүниежүзінде дәл осындай ауқымды, мазмұнды реформалар жасап жатқан ел бірен-саран. Бұл – ақиқат. Мұны бүкіл әлем мойындап отыр. Қазақстан реформатор мемлекетке айналды. Жалпы, елімізде көптеген өзгеріс болып жатыр. Азаматтардың конституциялық құқығын қорғауға баса мән беріліп отыр. Бұл жұмысқа қоғам өкілдері белсене қатысуға ынталы. Сондықтан мен Конституциялық Сот құру туралы бастама көтердім. Азаматтарымыз жалпыхалықтық референдумда осы және басқа да ұсыныстарға қолдау білдірді", – деді Президент.

Мемлекет басшысы Конституциялық Сот барлық заңдар мен заңға сәйкес актілердің Конституцияға сәйкестігін қамтамасыз етуге тиіс екеніне тоқталды.

"Шын мәнінде, Конституциялық Сот – еліміз үшін өте маңызды институт. Енді азаматтарымыз Конституцияға қайшы келетін нормаларды заңсыз деп тану үшін Конституциялық сотқа тікелей өздері шағымдана алады. Сонымен қатар Бас прокурор және Адам құқықтары жөніндегі уәкіл де Конституциялық Сотқа жүгінуге құқығы бар. Жалпы, Прокуратура, Сот, құқық қорғау органдарының жұмысына қойылатын талап айтарлықтай күшейеді. Конституциялық Сот депутаттардың және Үкіметтің заң шығару жұмысына оң ықпал етеді. Бір сөзбен айтқанда, Конституциялық Сот адам құқықтарын қорғау жүйесінің басты тірегіне айналады", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы қоғам Конституциялық Соттың қызметінен оң өзгерістер күтіп отырғанын, қазылардың өз міндетін адал атқаруы халықтың, БАҚ пен халықаралық құрылымдардың жіті назарында болатынын еске салды.

"Қазылардың осы құрамы мемлекеттік маңызы зор міндеттерін табысты атқарып, қоғам мен азаматтардың үмітін ақтайды деп санаймын. Конституциялық Сот құрамына белгілі құқықтанушы ғалымдар мен түрлі салада көп жылдық тәжірибесі бар заңгерлер кірді. Нәтижесінде теория мен тәжірибе ұштасты. Конституциялық Сот төрағасы Эльвира Азимова ұзақ уақыт бойы әділет органында қызмет етті, адам құқығын қорғау мәселелерімен айналысты, сондай-ақ халықаралық аренада мемлекет мүддесін қорғады. Оның бұл тәжірибесі жаңа салада зор пайдасын тигізеді. Конституциялық Сот қызметінің нормативтік базасы мен ережелерін әзірлеу бойынша ауқымды жұмыс атқарылды. Енді Конституциялық Соттың қызметі барысында қажеттігіне қарай бұл базаны жетілдіру керек болатын шығар. Жалпы, жаңадан құрылған институт ел аумағында Ата заңның үстемдігін қамтамасыз етуі үшін барлық жағдай жасалды", – деді Президент.

Мемлекет басшысының айтуынша, заң үстемдігі қағидатының мызғымастығы еліміздегі саяси реформалардың өзегі саналады. Жүргізіліп жатқан реформалардың саны жағынан, ең бастысы, мазмұны мен сапасы тұрғысынан Қазақстан әлемде көшбасшы елдердің қатарына кіретіні сөзсіз.

"Шын мәнінде, тек былтыр атқарылған жұмыстар біздің қоғамдағы өзгерістердің ауқымы мен тереңдігі туралы оң әсер қалдырмауы мүмкін емес. Қазақстан мемлекет ретінде айтарлықтай жаңғырды. Бұл деректі әлемдік қоғамдастық ашық мойындады. Оған көптеген халықаралық байланыс пен ең жоғары деңгейдегі кездесулер дәлел. Конституциялық Сот Әділетті Қазақстанның айнасы болады десек, артық айтқандық емес", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Жаңа, Әділетті Қазақстанның басты қағидаты – әділдік екеніне назар аударып, қазылардың осы маңызды міндетті абыроймен атқаратынына сенім білдірді.

"Халқымыз қара қылды қақ жарған қазыларға ерекше құрметпен, сыйластықпен қарайды, "тура биде туған жоқ" деп судьяларға зор үміт артады. Әрбір шешім Ата заңға сәйкес қабылдануға тиіс. Өйткені бұл, ең алдымен, еліміздің тағдырына ықпал ететін шешімдер болмақ", – деді Президент.

Өз кезегінде Конституциялық Сот Төрағасы Эльвира Азимова Мемлекет басшысына жаңа орган қызметінің негізгі бағыттары мен міндеттері туралы баяндады. Сондай-ақ Конституциялық сот қоғам сұранысы және мемлекет қажеттілігін өтеу үшін аянбай еңбек ететініне сенім білдірді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу