Президент Қостанай облысының кәсіпкерлерімен және еріктілерімен кездесті

216

Мемлекет басшысы Қостанай облысына жұмыс сапары барысында су тасқыны салдарын еңсеруге жәрдемдескен бизнес өкілдерімен және еріктілермен жүздесті.  

Президент Қостанай облысының кәсіпкерлерімен және еріктілерімен кездесті Фото: akorda.kz

Кездесуге өңірдегі машина жасау, тау-кен, тамақ және ауыл шаруашылығы өнеркәсібі салаларының жетекшілері, Қазақстан халқы Ассамблеясының жергілікті өкілдері, облыстық жастар ресурстық орталығының еріктілері және студенттер қатысты.

Қасым-Жомарт Тоқаев шағын және орта бизнеске қолдау көрсету басты міндет екенін атап өтті.

– Осы кездесуге біраз меценат қатысып отыр. Мен сіздерге ризашылығымды білдіремін. Бұл – сіздердің жүрек қалауларыңыз, азаматтық жауапкершіліктеріңіздің көрінісі. Мұның бәрін марапат үшін емес, шынайы ниетпен жасалған игі іс деп білемін, – деді Президент.

Мемлекет басшысы су тасқынынан зардап шеккен халыққа нақты көмек көрсету ісінде бизнесмендердің рөлі зор екеніне айрықша назар аударды.

– Біздің елімізде Forbes тізіміне кіретін ірі кәсіпкерлер бар. Олармен арнайы кездесеміз. Олар әр облысқа, ауданға, елді мекенге бекітіледі және нақты жауапкершілік жүктеледі. Бұл бір жағынан кәсіпкерлердің мүддесіне сай келеді. Өйткені олар өздерінің қосқан үлесінің нақты нәтижесін көретін болады. Халқына қайырымдылық жасаған азамат ретінде Сіздердің де есімдеріңіз мемлекет тарапынан елеусіз қалмайды деп ойлаймын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар Президент еріктілерге зор құрметпен қарайтынын және жан-жақты қолдау көрсететінін атап өтіп, оларға ризашылық білдірді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу