Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мұсылмандардың мерекесі Құрбан айт қарсаңында сотталған журналист Ярослав Голышкин мен тәуелсіз кәсіподақтың көшбасшысы Ерлан Балтабайға рақымшылық жасады. Бұл туралы Мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Берік Уәли айтты, деп хабарлайды Интерфакс-Қазақстан.
"Иә, бұл ақпаратты растаймын. Құрбан айт мерекесі қарсаңында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ярослав Голышкин мен Ерлан Балтабайға рақымшылық жасады",– деді Берік Уәли агенттікке.
Оның айтуынша, Голышкин мен Балтабай өздерінің кінәсін толық мойындап, рақымшылық жасау туралы Президентке өтініш білдірген.
"Бас бостандығын айыру айыппұлға ауыстырылды",– деп қосты баспасөз хатшысы.
Павлодардағы "Версия" газетінің редакторы Голышкин 2015 жылы бопсалағаны үшін 8 жылға сотталған болатын.
Ал Балтабай осы жылдың шілдесінде 7 жылға бас бостандығынан айырылған. Ол "қызметтік дәрежесін пайдаланғаны", "кәсіподақ жарғысы талаптарын бұзғаны" және "кәсіподақ қаржысын ысырап қылғаны", "кәсіподақ ақшасын иемденгені" үшін кінәлі деп танылған.