Президент Маңғыстауда су тапшылығын азайтуды тапсырды

178

Қазір өңірде су тұшытатын 6 зауыт пен қондырғы салынып жатыр.

Президент Маңғыстауда су тапшылығын азайтуды тапсырды Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Үкімет пен "Самұрық-Қазына" қорына аймақтағы су тапшылығын азайту үшін нақты шешім қабылдауды тапсырды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Бірінші. Облыстағы басты міндеттің бірі – тұрғындарды таза ауыз сумен қамтамасыз ету. Табиғи өсімге және көші-қон үдерісіне байланысты аймақтағы халық саны үздіксіз өсіп келеді. Бұл мәселе бойынша мен жаңа да айтып кеттім. Сондықтан ауыз су мәселесінің өзектілігі күн өткен сайын арта түседі.      

МАЭК-тің су тұшыту қуаты жеткіліксіз болып тұрғанын білеміз. Соның кесірінен әсіресе, жаз айларында ауыз су тапшылығы қатты сезіледі. Үш қалаға және орталық құбыр желісі бар 59 елді мекенге ауыз су белгілі бір уақытта ғана беріледі. Су тапшылығы – күніне 23 мың текше метр. 

Қазір су тұшытатын 6 зауыт пен қондырғы салынып жатыр. Кендірлідегі жоба іске қосылған соң, Жаңаөзен қаласының, Теңге, Қызылсай, Рахат және Кендірлі ауылдық округтерінің тұрғындарын таза сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік туады. Сондай-ақ қосымша жұмыс орындары ашылады. Бұл жобаны кешіктірмей, дер кезінде, яғни, мамыр айында аяқтау керек", - деді Президент.

2023 жылы "Астрахань – Маңғышлақ" магистральді су құбыры жаңғыртылды. Оның су өткізу мүмкіндігі күніне 110 мыңнан 170 мың текше метрге дейін артты. Бірақ бұл құбыр батыс аймақтың суға сұранысын толық өтей алмайды. Оның үстіне, құбыр арқылы келетін суды әбден тазарту керек. Сондықтан судың өзіндік құны қымбатқа түседі. Үкімет "Самұрық-Қазына" қорымен бірге осы аймақтағы су тапшылығын азайту үшін нақты шешім қабылдауға тиіс. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу