"Халқымыз өзіңізді мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым, қарымды қаламгер ретінде жақсы біледі және құрметтейді. Ұстаздықтан басталған еңбек жолыңызда министр, Премьер-Министрдің орынбасары, Елші, университет ректоры, Президенттік орталықтың басшысы сияқты жауапты лауазымдарды абыроймен атқарып, еліміздің мәртебесі мен беделінің арта түсуіне атсалыстыңыз. Әдеби қазынамыздың қайнар бұлағы болған ақын-жыраулардың шығармашылығын жаңа қырынан көрсетіп, қазақ үшін айтыс өнерінің айрықша рөл атқаратынын дәлелдеп бердіңіз. Орхон-Енисей жазба ескерткіштерін терең зерделедіңіз. Сіздің қаламыңыздан шыққан "Ежелгі әдебиет нұсқалары", "Күлтегін", "Асыл сөздің атасы", "Кісілік кітабы", "Таңғаламын өмірдің ғажабына" және басқа да кітаптарыңыз – ұлттық құндылықтарымызды дәріптеу мен жаңғыртудың жарқын үлгісі. Алдағы уақытта да қоғамдық-саяси істерге белсенді атсалысып, ел-жұрттың шынайы құрметіне бөленіп, мерейіңіздің үстем бола беруіне тілектестік білдіремін", – деп жазылған құттықтау жеделхатында.