Президент: Мемлекетіміздің егемендігін, жеріміздің тұтастығын қорғау – әр азаматтың қастерлі борышы

812

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқын Тәуелсіздік күнімен құттықтады, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.    

Президент: Мемлекетіміздің егемендігін, жеріміздің тұтастығын қорғау – әр азаматтың қастерлі борышы Фото: akorda.kz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Тәуелсіздік күнімен құттықтауы

                                                             Құрметті отандастар!

1991 жылғы 16 желтоқсан – төл тарихымыздағы мерейлі белес. Бұл – егемен ел болуды аңсаған ата-баба арманы ақиқатқа айналған ұлы күн.

Тәуелсіздік күнінің айрықша мән-мағынасы бар. Азаттық үшін арпалысқан ұлт перзенттерін ел жадында мәңгі сақтау – қасиетті парызымыз. Олардың отаншылдық қасиеті – бүгінгі және болашақ ұрпаққа әрдайым үлгі-өнеге.

Біз тамыры терең мемлекеттігіміздің маңызды белестерін ұлықтап, ұлтты ұйыстыратын ортақ құндылықтарды нығайта береміз. Сол арқылы қастерлі Тәуелсіздігіміздің тұғырын биіктете түсеміз.

Тәуелсіздік – баға жетпес байлық. Бәріміз оны көздің қарашығындай сақтауымыз керек. Мемлекетіміздің егемендігін, еліміздің амандығы мен жеріміздің тұтастығын қорғау – әр азаматтың қастерлі борышы.

Биыл еліміз үшін бетбұрысты жыл болды. Бұрын-соңды болмаған сын-қатерлермен бетпе-бет келдік. Елдігімізге іштен де, сырттан да зор қауіп төнді. Дегенмен мызғымас бірлік пен ырыс-ынтымақтың арқасында барлық қиындықты еңсеріп келеміз.

Біз ауқымды саяси және экономикалық реформаларды қолға алып, мемлекетімізді жаңғыртудың жаңа кезеңіне қадам бастық. Бұл бастамаларды табысты жүзеге асыру – әрқайсымыздың қолымызда.

Егемен елімізді одан әрі дамыту – алдымызда тұрған басты міндет. Біз осы жолда аянбай еңбек етуіміз қажет. Сонда ғана Қазақстан қуатты мемлекетке айналады.

Баршаңызды бүгінгі ұлық мерекемен шын жүректен құттықтаймын!

Сіздерге зор денсаулық, бақ-береке тілеймін! Қазақстанымыз өркендей берсін! Қасиетті Тәуелсіздігіміз мәңгі болсын!

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу