Президент "Мерейлі отбасы" ұлттық байқауының жеңімпаздарын құттықтады

295

Отбасы күні қарсаңында Астанада "Мерейлі отбасы" ұлттық байқауы қорытындыланып, жеңімпаздар марапатталды. Салтанатты іс-шараға Қазақстанның барлық аймағынан өңірлік кезеңдерде жеңіске жеткен отбасылар қатысты.   

Президент "Мерейлі отбасы" ұлттық байқауының жеңімпаздарын құттықтады Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев байқау жеңімпаздарына арнайы сәлемін жолдап, құттықтау хатын жіберді. Президенттің жылы лебізін Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев оқып берді, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Мемлекет басшысы өзінің құттықтау хатында Әділетті Қазақстан қалыптастыру жолында отбасы институтын қолдау маңызды қадам екенін атап өткен. Сондықтан елімізде бұл бағытқа баса мән беріліп, жүйелі шаралар қабылданып жатқаны да айтылды.

"Мерейлі отбасы" байқауы – ұлттық құндылықтарды жаңғыртуға жол ашатын, өзіндік дәстүрі бар бірегей жоба. Халқымыздың асыл қасиеттерін өскелең ұрпақтың бойына сіңіру – бәрімізге ортақ міндет. Осы орайда әр отбасы айрықша рөл атқарады. Елімізде адал еңбегімен көпке үлгі болып жүрген өнегелі әулеттер аз емес. Бүгінгі салтанатты кеш – соның айқын дәлелі. Бұл байқаудағы әрбір отбасының жеңісін бірлігі жарасқан жұртымыздың мерейлі жетістігі деп бағалауға болады", – делінген Президенттің құттықтау хатында.

Өз сөзінде Мәулен Әшімбаев Мемлекет басшысы ұлтымыздың жаңа келбетін қалыптастыруда отбасы институты шешуші рөл атқаратынына үнемі назар аударып келе жатқанын айтты. Палата Спикері атап өткендей, Президент Ұлттық құрылтайдың отырысында жариялаған "Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс" тұжырымы ел идеологиясының іргетасы ретінде айрықша маңызға ие.

"Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев отбасының әлеуетін көтеруге, ана мен баланы қорғауға, қоғамда дұрыс құндылықтарды дәріптеуге үнемі баса мән беріп келеді. Мемлекет басшысы өзінің Жолдауында да осы мәселелерге назар аударып, азаматтарымыздың әл-ауқатын арттыруға арналған кезекті әлеуметтік бастамалар кешенін жариялады. Мұның бәрі еліміздегі әр отбасының өміріне оң ықпалын тигізетіні анық", – деп, Мәулен Әшімбаев Палатаның Мемлекет басшысы жүктеген міндеттерді іске асыру аясында атқарып келе жатқан заңнамалық қызметіне тоқталып өтті.

Сондай-ақ биыл іске қосылған "Ұлттық қор – балаларға" атты ауқымды жоба жөнінде және соның аясында елдегі 7 миллион баланың қамтылғаны сөз болды. Отбасыларды қолдауға және әйелдер мен балалар құқығын қорғауға арналған басқа да шаралардың маңызы айтылды.

Сенат төрағасы байқау жеңімпаздарын құттықтай келе, адамгершілік және отбасылық құндылықтарды дәріптеу ісінде "Мерейлі отбасы" байқауы елеулі рөл атқаратынын айтты.
Жалпы жобаға бір салада ұзақ жылдар бойы жұмыс істеп келе жатқан еңбек династиялары, шығармашыл және бала асырап алған отбасылар, волонтерлер мен меценаттар қатысып жатыр. Биыл байқау 11-ші рет өткізіліп отыр. Байқаудың өңірлік кезеңіне қатысуға Қазақстанның барлық аймақтарынан 3 369 өтінім түскенін атап өткен жөн. Байқау жеңімпаздарын Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева құттықтады.

"Қазақстандағы әр отбасы – еліміздің тірегі, жүрегі. Сіздердің байқауға белсенді қатысып, жеңімпаз атанып отырғандарыңыз мен үшін қуаныш. Әр отбасы ұлттық құндылықтарды бойына сіңіріп отырған балаларының қызығын көре берсін!" – деді Аида Балаева.

"Мерейлі отбасы – 2024" байқауында Ақмола облысынан келген – Көңбайлар, Алматы облысынан – Жанбаевтар, Ақтөбе облысынан – Нұрбаевтар, Абай облысынан Смағұловтар отбасы лауреат атанды. Сондай-ақ республикалық маңызы бар Астана, Алматы және Шымкент қалаларының жеңімпаздары – Әділбаевтар, Қапышевтар және Сыдықовтар отбасылары. Одан бөлек, Батыс Қазақстан облысынан – Хамзиндер отбасы, Қарағанды облысынан – Халабаевтар, Солтүстік Қазақстаннан – Хасеновтер, Атыраудан – Сырәлиевтер, Қостанайдан – Шукуровтар, Жамбылдан Таңатаровтар, Жетісудан – Әлекеевтер, Павлодардан – Теміровтер, Ұлытаудан – Қыдырпатшаевтар, Қызылордадан – Бектаевтар, Маңғыстаудан – Мұқырбаевтар, Түркістаннан – Меңлібаевтар және Шығыс Қазақстан облысынан Қыдырхановтар отбасы үздік деп танылды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу