Президент: Нәтижесі жоқ іспен айналысу мүлдем болмауы қажет

Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің алдында уақыт оздырмай шешетін бірқатар міндет бар екенін ашық айтты. 

Президент: Нәтижесі жоқ іспен айналысу мүлдем болмауы қажет Фото: Ақорда

Оның бірі – тұрақты әрі қалыпты инфляция көрсеткішін және мемлекет қаржысының теңгерімділігін қамтамасыз ету, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

– Былтырғы Жолдауымда жарияланған жаңа инвестициялық кезеңді толығымен жүзеге асыру да кезек күттірмейді. 

Жаппай цифрландыру және жасанды интеллектіні енгізу көмекші қызмет атқарумен шектелмей, экономикалық дамудың басты арқауы болуы керек.

ЖИ негізінде цифрландырудың бірқатар басты міндеттерін орындау қажет. Бұл – еңбек өнімділігін арттыру, экономиканың экспортқа бағдарланған секторларын қалыптастыру, қосылған құны жоғары өнім шығару және Қазақстанды жаһандық цифрлық экономика тізбегіне кіріктіру, – деді Мемлекет басшысы. 

Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзінше, ЖИ-ді дамыту тек ұран болмауы керек. 

– Жаңа инвестициялық кезеңді іске асыру еліміздің индустрия, энергетика, көлік салаларындағы заманауи жүйесін қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Жасанды интеллектіні дамыту, бұл – ұран емес, бұл экономикалық идеологияның негізгі тірегі, тіпті ұлттық идеологиямыздың мызғымас тұғыры болуға тиіс.

Осындай жауапты сәтте дұрыс, батыл әрі тиімді шешімдерді дер кезінде қабылдау өте маңызды. Шынайы өмірге түк қатысы жоқ "құрғақ" ұсыныстар беру, қысқасы, нәтижесі жоқ іспен айналысу мүлдем болмауы қажет.

Бүкіл мемлекеттік аппарат нақты нәтижеге жету үшін жұмыс істеуі керек және оның игілігін бүкіл қоғам көруі тиіс, – деп атап өтті Президент. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу