Мердігер мекеме "ОблШығысЖол" компаниясы басшылғының ақпараты бойынша, су қоймасының екі қапталына 1,5 шақырымдық жолдар төселіп, кірпіштен 250 жұмысшыға жатақхана салынып, электр желісі де тартылды. Алайда көпірдің құрылысы әлі басталған жоқ.
Оның себебін облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Нұржан Жұмаділов құрылыс материалдарының бағасымен байланыстырады.
– Көпір құрылысының жобасына түзету, толықтыру енгізу үшін құжатты республикалық бюджеттік комиссияға ұсындық. Бірақ әлі шешім шығарылған жоқ. Өзгерістер құрылыс материалдарының бағасына (жобаның құны 30 млрд. теңгеден астам болатын) қатысты енгізілмек. Ол өзгеріс биыл енгізіле ме, әлде келесі жылға қала ма – әлі белгісіз. Бұрынғы жобадағы көпір құрылысының материалдары бүгін екі-үш есе өсіп кетті. Мәселен, металл құрастырмалардың бағасы 2-2,5 есе артты, – дейді басқарма басшысы.
Оның айтуы бойынша, қазір көпірге пайдаланылатын арматура мен басқа да мықты металл құрастырмалар Ресейден сатып алынады. Көпір 36 айда, яғни, үш жылда салынып бітуі тиіс деп белгіленген. 2021 жылдың аяғы таяп келе жатқанын ескерсек, көпір пайдалану мерзімі 2024 емес, 2025 жылға қалатын тәрізді.
Бұқтырма – елдегі ең ірі әрі ұзын су қоймасы. Онда көпір салуға Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзі назар аударып, қаржы бөлуге тапсырма берген. Салынатын көпірдің ұзындығы 1 мың 300 метр болмақ деп жоспарланған. Көпір салынса, шекара шебіндегі Күршім ауданы мен облыс орталығы арасында сенімді байланыс орнайды. Себебі, қыс түсе паром тоқтағанда, көліктер мұз үстімен қатынайды. Осыған байланысты мұз ойылып, көптеген қайғылы оқиға тіркелгені белгілі.
Тасқын Болатұлы