Президент нормативтік актілерді шығару қызметінің сапасын арттыруды тапсырды

547

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Әділет министрі Марат Бекетаевты қабылдады.  

Президент нормативтік актілерді шығару қызметінің сапасын арттыруды тапсырды

Қасым-Жомарт Тоқаевқа министрліктің биылғы 9 ай ішінде атқарған жұмыстарының нәтижелері жөнінде есеп берілді, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Әділет министрі Мемлекет басшысына коронавирус пандемиясымен күрес жұмыстарының жүргізілуі, соның ішінде бірқатар заң жобаларының әзірлену барысы, олардың құқықтық сараптамасы мен Парламентте қаралуы туралы баяндады.

Марат Бекетаев Президентке биылғы наурыз-мамыр айларында енгізілген төтенше жағдай режиміне байланысты құқықтық мәселелерді түсіндіру жұмыстары жайында айтты. Осы ретте адвокаттар мен заң жөнінде кеңес берушілердің үздіксіз қызметі қамтамасыз етілген, сот орындаушыларының жұмысы уақытша тоқтатылған. Төтенше жағдай режимі аяқталғаннан кейін барлық сот орындаушыларының жұмысы азаматтардың құқығын қорғауға, атап айтқанда, алименттерді өндіруге және еңбекақы төлемін қамтамасыз етуге бағытталды.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаевқа сот сараптамасы органдарының жұмысын жетілдіру жөнінде мәлімет берілді.

Кездесу соңында Мемлекет басшысы министрге азаматтардың құқықтарын қорғауға, нормативтік актілерді шығару қызметінің сапасын арттыруға, жаңа заңдарды және басқа да нормативтік-құқықтық актілерді дайындау жөніндегі мемлекеттік органдардың жұмысын үйлестіруге қатысты бірқатар тапсырма берді.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу