Мемлекет басшысы Таяу Шығыстағы қақтығыс пен жаһандық тұрақсыздықтың әсері туралы айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Латын Америкасындағы, Таяу Шығыстағы оқиғалар геосаясатқа өзгерістер әкелгеніне қарамастан, еліміз жақын және алыс орналасқан мүдделес мемлекеттердің барлығымен жан-жақты ынтымақтастықты ұдайы дамыта береді.
Қазір сыртқы саясат пен дипломатияның рөлі арта түсті. Бұл Қазақстан үшін де маңызды. Ел ішіндегі ахуалға, экономикаға немесе саяси реформаларға белгілі дәрежеде халықаралық жағдайлар ықпал етеді.
Осы орайда Қазақстанның табысты дамуына бірлік пен тұрақтылық негіз болмақ. Бұл – біздің бұлжымас қағидаттарымыз.
Дегенмен аталған факторлардың орнықтылығы – өткеннің мұрасы емес, отандастарымыздың жоғары азаматтық және саяси жауапкершілігінің жемісі. Ішкі саясаттың осынау нәзік саласында биліктің де, қоғамның да қателесуге құқы жоқ. Оның салдары өте ауыр болуы мүмкін. Бұл арада құйтырқылық пен бос мақтанға орын жоқ.
Бүгінде ескілікті аңсайтын, діни әрі ұлттық құндылықтар мен елдік мүдде турасында қате түсінікке негізделген әсіре консервативті саяси жүйе заман талабына сай келмейтініне, сәтсіздікке ұшырататынына көз жеткізіп отырмыз", – деді Президент.
Мемлекет басшысының айтуынша, алға қадам басқанның аяғынан шалу – кері кету, тіпті, тіршілік заңына қарсылық саналады.
"Алайда асығыс, сарапқа салмай қабылданған өзгерістер мен шешімдердің салдары тым ауыр. Сондықтан мен құр ұранмен реформа жасауға түбегейлі қарсымын. Барлық бастама ақылға қонымды болғаны жөн. Егер өзеннің арғы жағасына өткің келсе, тереңге бойлай алатыныңа сенімді болуың керек.
Тұрақтылықты бірер күнде, тіпті санаулы сағатта бұзуға болады. Ал оны қалпына келтіруге ондаған жылдар қажет. Сондықтан Заң мен тәртіп тұжырымдамасын ұстану өте өзекті деп білемін. Бұл тұжырымдама саяси жүйеміз бен өмір салтымыздың негізі. Еш популизм емес.
Ортақ Отанымыз, Қазақстан Республикасының тағдыры тек өзіміздің қолымызда екенін ешқашан ұмытпағанымыз абзал.
Шынын айтқанда, біздің жаһандық дүрбелеңдерге төтеп беруге дайын не дайын емес екеніміз, қоғамымымыздың қандай мәселеге бас қатыратыны ешкімге маңызды емес.
Жаңа дәуірге қадам бастық. Озық ойлы ұлт ретінде қазіргі сын-қатерлерге бейімделіп, оған жасампаздықпен жауап беруіміз қажет.
Елімізде ауқымды реформалар жүргізуде бір ғана мақсатты көздейміз. Бұл – мемлекетіміздің Тәуелсіздігі мен егемендігін нығайту, азаматтарымыздың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, халқымыздың әл-ауқатын жақсарту",– деді Қасым-Жомарт Тоқаев.