Президент Орталық Азиядағы алғашқы Епископтар конференциясына қатысушыларға үндеу жолдады

690

Конференцияның пленарлық отырысы Қазақстан астанасында өтті. Президенттің үндеуін Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев оқып берді, деп хабарлайды inbusiness.kz Сенаттың баспасөз қызметіне сілтеме жас

Президент Орталық Азиядағы алғашқы Епископтар конференциясына қатысушыларға үндеу жолдады

Үндеуде Мемлекет басшысы Тәуелсіздіктің 30 жылында Қазақстан "әралуандық арқылы бірлік" қағидатына негізделген этносаралық және қоғамдық келісімнің бірегей моделін қалыптастырғанын айтты. Ел Президенті Қазақстанда толеранттылық пен өзара түсіністікке ерекше мән берілетінін және түрлі этностардың бейбітшілік пен келісімге табан тірей отырып, өмір сүретінін жеткізді. Сондай-ақ Мемлекет басшысы Қазақстанның осындай игілікке жетуі үшін еліміздегі өзге дін өкілдерімен бірге жергілікті католиктер де айтарлықтай үлес қосып келе жатқанын тілге тиек етті.

Қасым-Жомарт Тоқаев конференция жұмысына табыс тілей отырып, маңызды іс-шараның Қазақстан мен Қасиетті Тақ арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толған кезеңде өтіп жатқанына назар аударды. Осы жылдар ішінде екі тарап адамның қадір-қасиетін қорғау, діни плюрализмді қолдау, жаһандық ынтымақтастықты ілгерілету сияқты ортақ құндылықтар мен мақсаттарға негізделген берік серіктестік орнатты.

Айта кетейік, таяуда Мемлекет басшысы Рим Папасы Францискпен бейнебайланыс режимде келіссөз жүргізді. Онда Понтифик Қазақстанға ресми сапармен келетінін, сондай-ақ биылғы қыркүйекте елордамызда өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII Съезіне қатысатынын растады.

Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев өз сөзінде бұған дейін Рим Папасының Қазақстанға келгенін, тағы бір Понтификтің елімізге жасайтын екінші тарихи сапары біздің мемлекеттің дінаралық және өркениетаралық диалог үшін сенімді алаң ретіндегі мәртебесін бекіте түсетін бірегей оқиға болатынын айтты.

"Өзара ынтымақтастықты әрі қарай арттыру үшін Қазақстан мен Ватиканның әлеуеті зор. Біздің екіжақты қарым-қатынастарымыз алдағы уақытта да түрлі білім беру, мәдени, әлеуметтік және гуманитарлық бастамалар мен жобалар аясында нығая береді деп сенемін", – деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар Сенат спикері бүгінгі конференцияға қатысушыларды алдағы Съезд жұмысына белсенді қатысуға шақырды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу