Мемлекет басшысы Қарағанды облысындағы полиметалл кен байыту фабрикасын іске қосу рәсіміне қатысты, деп хабарлайды inbusiness.kz Ақорда сайтына сілтеме жасап.
Кен байыту фабрикасының құрылысында 2500-ге жуық адам жұмыс істеді. Жәйрем кенті үшін жаңа жобаның іске қосылуы жаңа өмір мен дамудың зор келешегіне жол ашады. Кен байыту кешені Қазақстанда мырыш пен қорғасын концентраттарын шығаратын ең ірі кәсіпорын болады. Өндірісте 400 адам жұмыспен қамтылады.
Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек Мемлекет басшысына аймақ үшін аталған жобаның маңызы зор екенін айтты. Жаңа фабрика шығарылатын өнім түрлері көбейеді және өндіріс көлемі 2,5 есе артып, 5 миллион тоннаға дейін жетеді. Сондай-ақ өңделген өнімнің экспорты ұлғайып, салық түсімі 1,5 миллиард теңгеге көбейеді. Жоба басталғалы бері инвесторға барынша қолдау көрсетілді. Жүйелі жүргізілген жұмыстың нәтижесінде коронавирус індетіне қарамастан, жоба белгіленген мерзім ішінде аяқталды.
Президентке қазіргі таңда Қарағанды облысында 2 триллион теңгеден асатын қаражатқа 50 ірі инвестициялық жоба іске асырылып отырғаны жөнінде баяндалды. Биыл 14 жоба іске қосылып, аймақтың өнеркәсіп кәсіпорындарының инфрақұрылымына тартылатын инвестиция көлемі 230 миллиард теңгені құрайды.
"Қазмырыш" ЖШС бас директоры Александр Хмелев Қасым-Жомарт Тоқаевқа фабриканың құрылысы 3 жылда аяқталғанын және коронавирус індеті жүктелген міндетті іске асыруға кедергі болмағанын айтты. Оның пікірінше, байыту фабрикасының іске қосылуы Жәйремді ғана емес, тұтастай Қарағанды облысын дамытудың жаңа кезеңі болмақ. Мұнда жылына 5 миллион тонна кен өңделеді. Бұл кәсіпорынның кемінде 15 жыл жұмыс істеуіне мүмкіндік береді.
Сонымен қатар "Қазмырыш" компаниясы кенттің дамуына 5 миллиард теңгеге жуық қаражат құйды. Жергілікті ауруханаға заманауи жабдықтар сатып алынып, құзыреттерді дамыту орталығы құрылды және коммуналдық саланы жаңғырту мен дамытуға жыл сайын қаржы бөлінеді.
Жәйремдегі кен байыту кешенінің цех басшысы Еркін Шайхин Мемлекет басшысына қолдау көрсеткені үшін алғыс білдіріп, кенттің жанданғанын және ондағы оң өзгерістер туралы, сондай-ақ жаңа фабриканың іске қосылуынан жергілікті тұрғындар зор үміт күтетінін айтты.
Іс-шара соңында Президент кәсіпорынның еңбек ұжымына және осы ірі жобаны іске асыруға атсалысқан барша азаматтарға ризашылығын білдіріп, табыс тіледі.